Астанадан Майамиге: Тимур Рахишов Red Bull Wings Cup әлемдік финалында ел намысын қорғайды
Алматыда киберфутболдан өткен Red Bull Wings Cup 2026 турнирі аяқталды. Жарыс жеңімпазы Астанадан келген Тимур Рахишов атанды. Енді ол 80 елдің үздіктері бақ сынайтын әлемдік финалда Қазақстан намысын қорғайды, деп хабарлайды Sports24.kz.
8 қарашада Алматыдағы Central Stand Up Club алаңында Red Bull Wings Cup Kazakhstan 2026 ұлттық финалы өтті. Халықаралық аренада ел намысын қорғау құқығына ашық және университеттік лигалардың іріктеу кезеңдерінен өткен үздік ойыншылар таласты.
Ұлттық финалда төрт ойыншы бақ сынады: Тимур Рахишов (misatonyx), Әдият Төлепбергенов (Tulik9), Ақназар Бексеитов (aka_nolito) және Әлішер Мұқанәлі (alish_back). Финалға шыққан әр қатысушы киберфутболдағы жеке жолынан өтті. Олардың қатарында достарымен алғашқы матчтарын өткізуден бастап, ұлттық чемпионаттар мен халықаралық турнирлерге қатысу, кәсіби командалар сапында өнер көрсетуге дейінгі тәжірибе бар.
Red Bull Wings Cup Kazakhstan 2026 турнирінің жеңімпазы Астанадан келген Тимур Рахишов (misatonyx) атанды. Тимур Nomad Venture Studio компаниясында әзірлеуші болып жұмыс істейді, ал киберфутболға бала кезінен қызығады. Оның ойыншылық жолы FIFA 14 ойынынан басталған. Кейін әуесқой жарыстар біртіндеп кәсіби мансапқа ұласқан.
Тимурдың жетістіктері қатарында Setanta Pro League 2019 турниріндегі жеңіс, Students League 2025 чемпиондық атағы, Games of the Future 2026 ұлттық іріктеу кезеңіндегі жеңіс және GOTF Contenders 2026 жарысындағы бірінші орын бар. Сондай-ақ биыл ол ACF командасының құрамында Games of the Future турнирінің үздік 5–8 қатысушысының қатарына енді.
Жарыстарда мол тәжірибесі болғанына қарамастан, Тимур турнирлер алдында әдетте қатты қобалжитынын айтады. Алайда Red Bull Wings Cup ұлттық финалында жағдай басқаша болған.
«Әдетте турнирлер алдында қатты қобалжимын, тіпті тыныш ұйықтай алмаймын. Бірақ бұл жолы мүлде толқыған жоқпын», – деді Тимур.
Енді misatonyx АҚШ-тың Майами қаласында өтетін Red Bull Wings Cup әлемдік финалында Қазақстан атынан өнер көрсетеді. Онда 80 елдегі ұлттық іріктеу кезеңдерінің жеңімпаздары халықаралық титул үшін бақ сынайды.
Red Bull Wings Cup – түрлі деңгейдегі ойыншыларды біріктіретін халықаралық киберфутбол турнирі. Жарыс ашық және университеттік лигалар аясында өткізіліп, қатысушыларға ұлттық іріктеу кезеңдерінен әлемдік финалға дейін жетуге мүмкіндік береді.
Жоба туралы толығырақ ақпаратты redbull.com сайтынан білуге болады.