Қазақстан құрамасының қақпашысы шайба соққаннан кейін ҚХЛ-дің үздігі атанды
Құрлықтық хоккей лигасы (ҚХЛ) 2026/2027 жылғы тұрақты чемпионаттың тоғызыншы аптасындағы үздік ойыншылардың есімдерін жариялады. Марапат иегерлерінің бірі — «Адмирал» командасының қазақстандық қақпашысы Никита Бояркин, деп хабарлайды Sports24.kz лиганың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Өткен аптада командалар 506 хоккейшінің қатысуымен 26 матч өткізді: 36 қақпашы, 167 қорғаушы және 303 шабуылшы. Бір ойынға шаққандағы орташа нәтижелілік 5,15 шайбаны құрады.
Бояркин мансабында екінші рет аптаның үздік қақпашысы атанды. Ол екі матчта екі жеңіске жетіп, сенімділік коэффициентін 2,00 деңгейінде көрсетті. Қарсыластары оның қақпасына 86 рет соққы бағыттаса, қазақстандық қақпашы олардың 95,35 пайызын қайтарды.
Қақпашы СКА-ға қарсы кездесуде ерекше көзге түсті: «Адмирал» 4:0 есебімен жеңіске жеткен бұл матчта Бояркин қақпасына гол жібермей, ҚХЛ тарихында шайба соққан алтыншы қақпашы атанды.
Сондай-ақ лига тағы үш аталым бойынша үздіктерді анықтады:
Үздік қорғаушы — Рушан Рафиков («Локомотив»). Ол төрт матчта 6 (1+5) ұпай жинап, пайдалы көрсеткішін «+4»-ке жеткізді, сондай-ақ 11 соққыға тосқауыл қойды. Бұл — оның мансабындағы осындай үшінші марапат.
Үздік шабуылшы — Нэйтан Легаре («Трактор»). Форвард бұл атаққа алғаш рет ие болды: үш матчта 4 (3+1) ұпай жинап, пайдалы көрсеткішін «+5»-ке жеткізді. Оның еншісінде алты күштік тәсіл, екі бұғатталған соққы, шайбаны екі рет тартып алу және бір тосқауыл бар.
Үздік жаңа ойыншы — Максим Загребин («Салават Юлаев»). Ол екі матчта 3 (1+2) ұпай жинап, пайдалы көрсеткішін «+2»-ге жеткізді. Бұл — оның мансабындағы осындай төртінші марапат. Бұған қоса, оның еншісінде бір бұғатталған соққы мен бір тосқауыл бар.
Осылайша, Никита Бояркин ҚХЛ-де Қазақстанға тағы бір жеке марапат әкелді.