«60 пайыз»: Садулаев Астанадағы әлем чемпионатындағы өнерін бағалады
Ресейлік балуан Абдулрашид Садулаев Астанадағы әлем чемпионатында мүмкіндігінің шамамен 60 пайызына ғана дайын болғанын мойындады. Оның айтуынша, бұған тізесінің жағдайы әсер еткен, деп хабарлайды Sports24.kz.
Жарыстан кейін спортшыдан өз өнерін пайыздық мөлшермен бағалау сұралды. Садулаев бұдан да жоғары дайындық деңгейін күткенін, алайда толық қалпына келе алмағанын айтты.
«Дайынмын деп ойладым, бірақ, белгілі болғандай, 100 пайыз дайын болмаппын. Пайызға шақсақ, шамамен 60 пайыз шығар», - деді балуан.
Садулаев өзі үшін тосын болған нәтижесі туралы да пікір білдірді. Ол алғаш рет тұғырдың үшінші сатысына көтеріліп, америкалық Кайл Снайдермен қарсыласуы жайында да айтты.
«Кайл екеуміз әдетте финалда кездесетінбіз, ал бұл жолы жартылай финалға шығу үшін күрестік. Онымен талай рет белдестік, алтыншы рет болған шығар. Жалпы есеп — 3:3, тарихымыз жалғасып жатыр», - деді Садулаев.
Балуан олардың халықаралық аренада тағы кездесуі мүмкін екенін қосты. Атап айтқанда, Садулаев АҚШ-та өтетін Олимпиада ойындары мен келесі әлем чемпионатын тілге тиек етті.
Еске салайық, 2026 жылғы 24 қазан мен 1 қараша аралығында «Барыс Арена» әлемнің үздік балуандары бас қосқан орынға айналды. Астанада грек-рим, еркін және әйелдер күресінен әлем чемпионаты өтті. Бұл турнир жеті жылдан кейін елордаға қайта оралды