locale KZ
KZ - Қазақ RU - русский

Макгрегор соңғы жекпе-жегін Қазақстанда өткізе ме? UFC жоспары туралы не белгілі

Ирландиялық файтер Конор Макгрегор тізесіндегі ауыр жарақатынан айыққаннан кейін 2027 жылы октагонға оралуды жоспарлап отыр
ММА
Макгрегор соңғы жекпе-жегін Қазақстанда өткізе ме? UFC жоспары туралы не белгілі
ФОТО: Getty images

38 жастағы Конор Макгрегор кәсіби мансабын жалғастыру және UFC-дегі алдағы жекпе-жегіне қатысты жоспарын бөлісті. Ирландиялық спортшы әлеуметтік желідегі жазбасында тағы бір мәрте октагонға шығып, көрермен саны мен ақылы трансляциялардың сатылымы бойынша өз рекордтарын жаңартуды көздейтінін айтты, деп хабарлайды Sports24.kz.

Макгрегордың мұндай мәлімдеме жасауына мексикалық боксшы Сауль Альварестің қатысуымен өткен кездесулердің коммерциялық көрсеткіштеріне қатысты пікірталас себеп болды. Ирландиялық файтер өзінің жекпе-жектері ірі спорттық оқиғалармен бір уақытта ұйымдастырылған күннің өзінде қалың көрермен жинағанын атап өтті.

Ол бұған дейінгі кездесуінің футболдан әлем чемпионатының жартылай финалымен тұспа-тұс келгенін еске салды. Соған қарамастан, Макгрегордың өнері көпшіліктің қызығушылығын тудырған.

Спортшы келесі жекпе-жегінің жарнамалық жұмысына бұрынғыдан да көбірек көңіл бөлуді жоспарлап отыр. Ол алдағы кездесуін соңғысы деп атап, коммерциялық көрсеткіштер бойынша өз жетістіктерін тағы да жақсартуға ниетті екенін жеткізді.

Дегенмен бұл UFC ұйымымен жасалған қазіргі келісімшарт аясындағы соңғы жекпе-жек туралы айтылып отыр. Макгрегор кәсіби мансабын біржола аяқтайтынын әзірге ресми түрде растаған жоқ.

Бұрынғы чемпион соңғы рет 2026 жылғы 11 шілдеде Лас-Вегаста ұйымдастырылған UFC 329 турнирінде октагонға шықты. Оның қарсыласы америкалық Макс Холлоуэй болды. Ирландиялық спортшы алғашқы раундта техникалық нокаутпен жеңіліп қалды.

Кездесу небәрі бір минут тоғыз секундқа созылды. Жекпе-жек барысында Макгрегор тізесін жарақаттап, белдесуді жалғастыра алмады. Кейін медициналық тексеріс оның алдыңғы айқас байламы мен менискісі жыртылғанын анықтады.

Операциядан кейін файтер оңалту кезеңіне кірісті. Алдын ала жоспар бойынша, ол 2027 жылдың жазында өтетін UFC халықаралық жекпе-жектер апталығында (International Fight Week) қайта өнер көрсетуі мүмкін. Алайда нақты күні мен қарсыласының есімі әлі жарияланған жоқ.

Макгрегор кәсіби мансабында 22 жеңіске жетіп, жеті рет жеңіліс тапқан. Ол UFC тарихында екі салмақ дәрежесінің чемпиондық белбеуін бір уақытта иеленген алғашқы спортшы атанды.

Спорттық жетістіктерімен қатар, ирландиялық файтер ұйым тарихындағы коммерциялық тұрғыдан ең табысты спортшылардың бірі саналады. Оның 2018 жылы Хабиб Нурмагомедовке қарсы өткізген кездесуі шамамен 2,4 миллион ақылы трансляция сатылымын тіркеп, UFC рекордын жаңартқан болатын.

Бұған дейін ұйым президенті Дана Уайт UFC 333 турнирінен кейінгі баспасөз мәслихатында Қазақстанда жарыс ұйымдастыру мәселесі бойынша жұмыс жүріп жатқанын растады. Сондай-ақ ол бұл жоспардың жақын уақытта жүзеге асуы мүмкін екенін жеткізді.

Осы мәлімдемеден кейін Sports24.kz редакциясы Қазақстанда өтуі ықтимал UFC турнирінің бағдарламасына енуі мүмкін бес жекпе-жектен тұратын арнайы топтама ұсынған болатын.

Аружан Темірбек
Редактор ru, kk
Sports24.kz 163 мың жазылушы
Басты жаңалықтардан хабардар болыңыз! Жаңалықтар, нәтижелер және спорттағы ең жарқын сәттер. Жазылып, маңызды оқиғалардан хабардар болыңыз!
Пікірлер
Пікір қалдыру үшін тіркелуіңіз керек
Для сіздің ыңғайлылығыңыз бен қауіпсіздігіңіз үшін біз файлдар cookie