Елена Рыбакина маусымдағы соңғы турнирін қашан бастайды
Әлемнің бірінші ракеткасы Елена Рыбакина 2026 жылғы маусымды Әйелдер теннис қауымдастығының қорытынды турнирінде аяқтайды. Қазақстандық спортшы бұл жарысқа қазіргі чемпион ретінде қатысып, былтыр жеңіп алған атағын қорғауға тырысады, деп хабарлайды Sports24.kz.
Беделді турнир 8–15 қараша аралығында Калифорния штатындағы Indian Wells Tennis Garden спорт кешенінде өтеді. Топтық кезеңнің кездесулері 8–13 қарашаға жоспарланған. Жартылай финалдық ойындар 14 қарашада ұйымдастырылса, чемпионның есімі 15 қарашада белгілі болады.
Алғашқы кездесулер 8 қараша күні жергілікті уақытпен сағат 12:00-де, яғни Қазақстан уақытымен 9 қарашада сағат 01:00-де басталады. Алайда Рыбакинаның нақты қай күні алаңға шығатыны және алғашқы қарсыласы әзірге анықталған жоқ. Бұл мәліметтер жеребе тартылып, ойын кестесі жарияланғаннан кейін белгілі болады.
Маусымның шешуші жарысына Елена Рыбакинадан бөлек, Арина Соболенко, Мирра Андреева, Джессика Пегула, Коко Гауфф, Элина Свитолина, Каролина Мухова және Линда Носкова қатысады.
Сегіз теннисші екі топқа бөлініп, әрқайсысы үш кездесу өткізеді. Өз тобында алғашқы екі орын алған спортшылар жартылай финалға жолдама алады.

Рыбакинаның жарақатынан кейінгі жағдайы
Қазақстандық теннисшінің АҚШ-қа аттанар алдындағы соңғы жарысы Токиода өткен WTA 500 турнирі болды. 29 қазанда ол екінші айналымда отандасы Юлия Путинцеваны 6:2, 6:3 есебімен жеңіп, мансабында алғаш рет жыл қорытындысы бойынша әлемдік рейтингтің бірінші сатысында қалатынына кепілдік берді.
Алайда Рыбакина Жапониядағы өнерін жалғастыра алмады. Канадалық Лейла Фернандеске қарсы ширек финалдық кездесу алдында ол мойын тұсындағы қабыну мен ауырсынуға байланысты жарыстан бас тартты.
Кейін Елена мұндай шешім қабылдауына қорытынды турнир алдында денсаулығын қалпына келтіру қажеттілігі себеп болғанын түсіндірді.
Осылайша, Индиан-Уэллстегі бәсекеге қазақстандық теннисші мәжбүрлі үзілістен кейін оралады. Оның алғашқы матчқа дейін қаншалықты толық қалпына келетіні әзірге белгісіз.
Еске салайық, былтыр Рыбакина WTA қорытынды турнирінде алғаш рет чемпион атанды. Эр-Риядта өткен жарыста ол бес кездесуінің барлығында жеңіске жетіп, финалда Арина Соболенкодан 6:3, 7:6 (7:0) есебімен басым түсті. Сол арқылы отандасымыз Қазақстан тарихында бұл атақты иеленген алғашқы теннисші болды.
2026 жыл да Елена үшін табысты өтті. Ол Australian Open және US Open турнирлерінде топ жарып, Штутгарт пен Нинбода да чемпион атанды.
Енді Рыбакина маусымды әлемнің үздік теннисшілері бас қосатын жарыста аяқтап, қатарынан екінші рет WTA қорытынды турнирінің жеңімпазы атануға таласады.