Фатима Супыгалиева жасөспірімдер Олимпиадасының чемпионы атанды
Сенегал астанасы Дакарда дзюдодан жасөспірімдер Олимпиадасының финалдық белдесулері өтті. Қазақстан құрамасының өкілі Фатима Супыгалиева жеңіс тұғырының ең биік сатысына көтеріліп, ел қоржынына алғашқы жүлдені салды, деп хабарлайды Sports24.kz.
Алтын медаль үшін өткен кездесу қазақстандық спортшыға оңай соққан жоқ. Белдесу барысында португалиялық дзюдошы қарсыласын партерге түсіріп, сегіз секунд бойы ұстап тұрды. Алайда Фатима бұл жағдайдан шығып қана қоймай, артынша белдесу тізгінін өз қолына алды. Ол сәтті әдіс жасап, қарсыласын иппонмен жеңді.
Осылайша, екі минут 33 секундқа созылған финалда Супыгалиева қиын жағдайдан жол тауып, Олимпиада чемпионы атанды.
Қазақстандық дзюдошы шешуші кездесуге дейін де қарсыластарына мүмкіндік берген жоқ. Ширек финалда Коста-Рика өкілі Химена Моралес Гамбоаны мерзімінен бұрын жеңсе, жартылай финалда словакиялық Вивьен Вадовицовадан басым түсті. Екі белдесу де отандасымыздың иппон әдісімен аяқталды.
Осылайша, Фатима Олимпиададағы үш кездесуінің барлығында қарсыластарын мерзімінен бұрын тізе бүктірді.
Орал қаласының тумасы үшін бұл соңғы екі маусымдағы үшінші ірі халықаралық жетістік. 2025 жылы ол Бахрейнде өткен жасөспірімдер арасындағы Азия ойындарында топ жарды. Ал биыл тамыз айында Эквадорда ұйымдастырылған кадеттер арасындағы әлем чемпионатында алтын медаль жеңіп алды.
Айта кетейік, Олимпиада басталар алдында Супыгалиеваға ашылу салтанатында Қазақстанның мемлекеттік туын алып жүру мәртебесі берілген болатын. Енді жас дзюдошы әлем және Азия чемпионы атақтарына Олимпиада алтынын қосты.
IV жазғы жасөспірімдер Олимпиадасы Дакарда 31 қазан мен 13 қараша аралығында өтеді. Қазақстан атынан 11 спорт түрінен 18 спортшы сынға түсіп жатыр.