locale KZ
KZ - Қазақ RU - русский

Ресейлік маман Елена Рыбакинаның WTA қорытынды турниріндегі мүмкіндігін бағалады

Ольга Морозова Елена Рыбакинаның WTA-2026 қорытынды турниріндегі мүмкіндігіне баға берді
Теннис
Ресейлік маман Елена Рыбакинаның WTA қорытынды турниріндегі мүмкіндігін бағалады
ФОТО: Getty images

Кезінде әлемдік рейтингте жетінші орынға дейін көтерілген Ольга Морозова Елена Рыбакинаның ойын мәнері мен чемпиондық атағын қорғау мүмкіндігіне тоқталды. Ол қазақстандық теннисшінің техникалық шеберлігін жоғары бағалап, Индиан-Уэллстегі ойын жағдайының өзіндік ерекшеліктеріне назар аударды, деп хабарлайды Sports24.kz.

Морозова кәсіби теннистегі мол тәжірибесімен танымал. 1974 жылы ол жекелей сында «Үлкен дулыға» санатындағы екі турнирдің финалына жеткен. Кейін жаттықтырушылық қызметпен айналысып, Елена Дементьевамен де жұмыс істеді.

Рыбакинаның мүмкіндігіне баға берген маман оның шеберлігіне күмән келтірмейтінін айтты. Дегенмен Морозованың пікірінше, алдағы жарыста корттағы жағдайға жылдам бейімделу маңызды рөл атқарады.

«Лена кез келген турнирде жеңіске жете алады. Бірде Елена Дементьеваның айтқан сөзі қатты ұнаған еді: мәселен, Рыбакинаның қазіргі бабына қатысты не айтуға болады? Оның техникасы онсыз да тамаша, ойынды өте жақсы түсінеді. Ол көптеген жыл бойы жоғары деңгейде ойнай алатынын дәлелдеп келеді. Меніңше, бойы ұзын теннисші болғандықтан, Ленаға жаңа жағдайға тез бейімделу қиынға соғады. Өйткені теннисте қимыл-қозғалыс үйлесімділігі өте маңызды. Жоғарыда айтқанымдай, Индиан-Уэллсте таңертең және кешке мүлде екі түрлі теннис көрсетуге болады. Сондықтан Рыбакинаға оңай болмайды», – деді Морозова «Чемпионат» басылымына берген сұқбатында.

Еске салайық, WTA қорытынды турнирі 8–15 қараша аралығында АҚШ-тың Индиан-Уэллс қаласында өтеді. Чемпиондық атақ үшін маусымның үздік сегіз теннисшісі таласады. Олардың қатарында Арина Соболенко, Мирра Андреева, Коко Гауфф және Джессика Пегула бар.

Рыбакина бұл жарысқа қазіргі чемпион ретінде қатысады. 2025 жылы қазақстандық теннисші Эр-Риядта өткен қорытынды турнирдегі бес кездесуінің барлығында жеңіске жетті. Финалда ол Арина Соболенкодан 6:3, 7:6 (7:0) есебімен басым түскен еді.

Биылғы маусым да отандасымыз үшін табысты болды. Рыбакина Australian Open және US Open турнирлерінде чемпион атанып, мансабында алғаш рет әлемдік рейтингтің бірінші сатысына көтерілді. Сондай-ақ ол WTA-2026 қорытынды турниріне қатысу құқығын алғашқылардың бірі болып иеленді.

Егер қазақстандық теннисші биыл да чемпион атанса, Серена Уильямстан кейін қорытынды турнирдегі атағын қорғаған алғашқы спортшы болмақ. Америкалық теннисші бұл жарыста 2012–2014 жылдар аралығында қатарынан үш рет топ жарған.

Бұған дейін Sports24.kz Елена Рыбакинаның WTA-2026 қорытынды турнирінде қанша табыс табуы мүмкін екенін және жарыстың әр кезеңіндегі жеңістер үшін қарастырылған ақшалай сыйақы мөлшерін жазған болатын.

Аружан Темірбек
Редактор ru, kk
Sports24.kz 163 мың жазылушы
Басты жаңалықтардан хабардар болыңыз! Жаңалықтар, нәтижелер және спорттағы ең жарқын сәттер. Жазылып, маңызды оқиғалардан хабардар болыңыз!
Пікірлер
Пікір қалдыру үшін тіркелуіңіз керек
Для сіздің ыңғайлылығыңыз бен қауіпсіздігіңіз үшін біз файлдар cookie