«Есесін қайтаруы тиіс еді»: Царукян Нурмагомедов пен Двалишвили арасындағы төбелеске қатысты пікір білдірді
UFC ұйымының жеңіл салмақ дәрежесіндегі үздік файтерлерінің бірі Арман Царукян 11 қарашада Әбу-Дабидегі қонақүйлердің бірінде Усман Нурмагомедов пен Мераб Двалишвилидің қатысуымен болған жаппай төбелеске қатысты пікір білдірді. Оның айтуынша, екі тараптың кездесуі алдын ала жоспарланбағанымен, арадағы шиеленістің ақыры осындай жағдайға ұласатыны бұрыннан белгілі болған, деп хабарлайды Sports24.kz.
Царукян бұл оқиғаға таңғалмағанын жасырмады. Керісінше, ол бұған дейінгі жанжалдың жауабы әлдеқашан берілуі керек еді деп есептейді.
«Бұл бәрібір болатын жағдай еді. Одан қашып құтылу мүмкін емес болатын. Мен тек Мераб өткен жолы осында келгенде неге ештеңе болмағанына таңғалдым. Есесін қайтаруы тиіс еді, ақыры солай болды», – деді Царукян.
Сонымен қатар спортшы төбелес әдейі ұйымдастырылды деген пікірмен келіспеді. Оның ойынша, Усман мен Мераб бір қонақүйде тұрғандықтан, кездейсоқ жолығып қалуы әбден мүмкін.
«Меніңше, олар кездейсоқ кездесіп қалған. Екеуі де бір қонақүйде тұрады. Оның төменге қашан түсетінін қайдан білсін?» – деді ол.
Журналист төбелестің алдын алуға болар ма еді деген сауал қойған кезде, Царукян мұндай мүмкіндік болғанын мойындады. Алайда жақын адамына араша түсуге деген ұмтылыс пен ашуға бой алдыру жағдайды ушықтырғанын атап өтті.
«Иә, мұның алдын алуға болатын еді. Бірақ адам ашуға булығып келгенде оны тоқтату қиын. Оның бауырына тиіскен, ал бұған ешқандай жауап болмаған. Сондықтан ол да дәл солай жауап қайтарғысы келді», – деп түсіндірді Царукян.
Еске салайық, оқиға Двалишвили қонақүйдің кіреберіс залында сұқбат беріп тұрған сәтте болған. Грузиялық спортшыға Усман Нурмагомедов жақындағаннан кейін екі тарап арасында жанжал туындап, арты жаппай төбелеске ұласқан. Оқиға орнынан түсірілген бейнежазбалар әлеуметтік желілерде жылдам тарап, аралас жекпе-жек әлемінде қызу талқыға түсті.
Кейін Двалишвили төбелес кезінде өзінің 21 жастағы досы, грузиялық балуан Саба Лазишвилидің де жарақат алғанын мәлімдеді. Мерабтың айтуынша, жас спортшы ағайынды Усман және Умар Нурмагомедовтерге бір мезетте қарсы тұрған.
Айта кетейік, Двалишвили мен Нурмагомедовтер арасындағы қарым-қатынас бұған дейін де шиеленісті болған. 2025 жылдың қаңтарында UFC 311 турнирінде грузиялық файтер Умар Нурмагомедовті төрешілердің бірауыздан шығарған шешімімен жеңіп, аса жеңіл салмақтағы чемпиондық белбеуін қорғап қалған еді.