Двалишвилидің досы Нурмагомедов командасымен төбелестен кейін әлеуметтік желі жұлдызына айналды
Абу-Дабиде Мераб Двалишвилимен бірге жаппай төбелеске қатысқан грузиялық балуан Саба Лазишвили күтпеген жерден әлеуметтік желі жұлдызына айналды, деп хабарлайды Sports24.kz.
21 жастағы спортшы Усман Нурмагомедов пен оның команда мүшелері қатысқан төбелестің видеосы жарияланғаннан кейін жұрт назарын өзіне аударды. Қарсыластары сан жағынан басым болса да, досына араша түскен Лазишвилидің әрекетіне жанкүйерлер тәнті болды.
Кадрлардан грузиялық балуанның төбелеске қатысушыларға белсенді қарсылық көрсеткенін көруге болады. Лазишвили екі қарсыласын құлатып, Двалишвилиді соққылардан бірнеше рет қорғап қалды.
Оқиғадан кейін спортшының танымалдығы күрт өсті. Төбелеске дейін оның әлеуметтік желідегі парақшасына шамамен екі мың адам жазылған еді. Қазір Лазишвилидің жазылушыларының саны 250 мыңнан асты.
Грузиялық балуанның әрекетін UFC-дің бұрынғы чемпионы Шон О’Мэлли де жоғары бағалады. Америкалық Лазишвилиге құрмет білдіріп, оның күреспен айналысатынын және соққы техникасына маманданбағанын атап өтті. Соған қарамастан, ол Нурмагомедов командасының екі өкілін құлата алды.
Лазишвили — Грузия чемпионы. Оның ағасы Звиад бұған дейін UFC-де өнер көрсеткен.
Еске салайық, жаппай төбелес 11 қарашада Абу-Дабидегі қонақүйлердің бірінде болған. Двалишвили сұхбат беріп жатқан кезде оған Усман Нурмагомедов жақындап, жанжал басталған. Алғашқы соққыдан кейін төбелеске екі жақтың өкілдері де араласты.
Кейін Двалишвили алған жарақаттарын көрсететін видео жариялап, өзіне және досына артынан шабуыл жасалғанын мәлімдеді.