Видео: Усман Нурмагомедов Абу-Дабиде Мераб Двалишвилиге шабуыл жасады
Абу-Дабиде аралас жекпе-жек әлеміне танымал спортшылардың қатысуымен жанжал шықты. UFC ұйымының бұрынғы чемпионы Мераб Двалишвили Усман Нурмагомедов пен оның жанындағы адамдар өзіне шабуыл жасағанын мәлімдеді. Грузиялық файтердің айтуынша, жанжал төбелеске ұласып, салдарынан жас досы жарақат алған, деп хабарлайды Sports24.kz.
Двалишвили оқиға кезінде 21 жастағы досымен бірге болғанын айтады. Оның сөзінше, бір топ адам арттарынан келіп, жанжал шығарған. Грузиялық спортшыны әсіресе қарсы тараптың ту сыртынан шабуыл жасағаны ашуландырған.
«Біз небәрі екі адам болдық - мен және досым. Сендер жылан сияқты артымыздан келдіңдер. Сөйлескілерің немесе төбелескілерің келсе, ашық түрде келіңдер. Неге ту сыртынан шабуыл жасайсыңдар? Осыдан кейін өздеріңді еркекпіз деп атайсыңдар ма?» - деді Двалишвили.
Грузиялық файтердің мәлімдеуінше, төбелес кезінде досының беті жарақаттанған. Ал өзін күзет қызметкерлері ұстап тұрған сәтте өзге адамдар жанжалды жалғастырған. Мераб болған оқиғаға Усманмен қатар Умар Нурмагомедовтің де қатысы бар екенін алға тартты.
Көп ұзамай бұл жағдай әлеуметтік желілерде қызу талқылана бастады. UFC чемпионы Илия Топурия шабуыл жасалған сәт ретінде сипатталған бейнежазбаны жариялап, төбелеске қатысқандардың әрекетін қатаң сынға алды.
«Бұл әрекеттерің үшін жауап бересіңдер. Сендерді кім десек те болады, бірақ нағыз ер-азамат деп айту қиын», - деп жазды Топурия.
Оқиға 14 қарашада Абу-Дабиде өтетін RAF еркін күрес турнирінің қарсаңында болды. Аталған жарыста Двалишвили UFC-дегі бұрынғы қарсыласы Марлон Мораеспен белдесуі тиіс. Сондай-ақ турнир бағдарламасында Умар Нурмагомедов пен Юрайя Фэйбер арасындағы кездесу жоспарланған.