Андрей Шевченко көмектесті: Тимощук «Қайратқа» ауысуы туралы таңғалдырарлық мәлімдеме жасады
Мюнхеннің «Бавариясы» мен Украина құрамасының бұрынғы футболшысы Анатолий Тимощук Андрей Шевченконың Алматының «Қайратына» ауысуына қандай үлес қосқанын айтып берді, деп хабарлайды Sports24.kz.
Бұл туралы ол «Зенит» футбол клубының шоуында айтты. Бағдарламадағы сұхбаттасы Ресей құрамасының бұрынғы шабуылшысы әрі «Қайраттың» бұрынғы бапкері Александр Кержаков болды.
Тимощуктың айтуынша, оған «Миланның» бұрынғы шабуылшысы әрі Украина құрамасының экс-капитаны «Қайрат» президенті Қайрат Боранбаевпен сөйлесуге кеңес берген. Алайда жартылай қорғаушы алғашында Қазақстанға көшуді ойламаған.
«Украина құрамасында Андрей Шевченкомен бірге ойнадым. Ол Қайрат Советайұлымен өте жақын дос еді де, бірде маған: «Анатолий, онымен сөйлесіп көр», – деді. Мен Қазақстанға бармайтынымды айттым. Ол кезде маған «Зенит-2» командасында ойыншы-жаттықтырушы болу ұсынылды. Кейін Қайрат Советайұлы телефон соқты. Мен оған бар құрметіме қарамастан, басқа нұсқам бар екенін түсіндірдім. Бірақ ол көмек беруімді өтінді. Алматыда өтетін «Астанаға» қарсы матчқа шақырып, келіп, клубты көріп кетуімді ұсынды. Ұшып келдім, сөйлестік, ойынды тамашаладық. Бұл жоба мені қызықтырды. Жаттығу базасының салынып жатқанын, инфрақұрылымның дамып келе жатқанын, жанкүйерлер барын көрдім. Бұған қоса, Вайсс бапкермен сөйлесіп, ақыры осы жобаның бір бөлігі болуға шешім қабылдадым», – деді Тимощук.
Сондай-ақ Украина құрамасының бұрынғы футболшысы «Қайраттағы» кезеңі туралы әсерімен бөлісіп, клубтың дамуына баға берді.
Оның айтуынша, команда өзі өнер көрсеткен алғашқы жылдың өзінде-ақ чемпиондыққа жақын болған, сондай-ақ Еуропа аренасында лайықты ойын көрсетті.
«Бәрі тамаша болды деп ойлаймын. Алғашқы жылдың өзінде чемпиондыққа жақын болдық, еурокубоктерде жақсы ойнап, «Бордомен» тең дәрежеде өнер көрсеттік. Қайрат Советайұлына да, жігіттерге де аздап көмектесіп, олардың өзіне деген сенімін арттырдым деп ойлаймын. Бұл Қазақстан футболының дамуы үшін маңызды болды. Қазір «Қайрат» жақсы өнер көрсетіп жүр. Қайрат Советайұлымен әлі де жақсы қарым-қатынастамыз. Ол – команданы, клубты және қаланы шын сүйетін жақсы адам. Командаға қатысты барлық бағытты дамытуға күш салып жүргені көрініп тұр», – деп қосты Тимощук.
Анатолий Тимощук – Украина құрамасының бұрынғы жартылай қорғаушысы. Құрама сапында 144 матч өткізген. Клуб деңгейінде Донецктің «Шахтерінде», Санкт-Петербургтің «Зенитінде», Мюнхеннің «Бавариясында» және басқа командаларда ойнады. «Зенит» сапында УЕФА кубогы мен УЕФА Суперкубогын иеленсе, «Бавариямен» бірге 2013 жылы Чемпиондар лигасында жеңіске жетті.
2015 жылы Тимощук Алматының «Қайратына» ауысып, командада екі маусым ойнады да, мансабын аяқтады. Қазақстандық клуб сапында ел чемпионатының күміс жүлдесін екі рет иеленіп, Қазақстан кубогы мен ел Суперкубогын жеңіп алды. Мансабын аяқтағаннан кейін «Зенитте» қалып, жаттықтырушылар штабында жұмыс істейді.