Двалишвили Нұрмағомедовтердің босатылуына қатысты мәлімдеме жасады
UFC-дің грузиялық файтері Мераб Двалишвили 11 қарашада жаппай төбелестен кейін Әбу-Дабиде (БАӘ) қамауға алынған Умар мен Усман Нұрмағомедовтерге қатысты жағдайды баяндады, деп хабарлайды Sports24.kz.
Бұрынғы UFC чемпионы бұл туралы журналист Ариэль Хельванимен бірге жазылған подкастта мәлімдеді. Двалишвилидің айтуынша, ол ағайынды Нұрмағомедовтердің босатылғанын танысынан естіген. Бұған қоса, грузиялық файтер Дубайда жүрген Хабиб Нұрмағомедовтің фотосын көрген.
«Оларды бүгін босатты деп естідім. Бүгін бір адаммен сөйлескенімде, ол да осыны айтты. Сондай-ақ Хабибтің Дубайда жүрген суретін көрдім. Ол оларға көмектесе алады деп үміттенемін», - деді Двалишвили.
Ол оқиғаға қатысқандардың барлығы босатылса, қуанатынын да қосты.
Әбу-Дабиде не болды?
Жаппай төбелес 11 қарашада болды. Дереккөздің мәліметінше, жанжал Усман Нұрмағомедов сұхбат кезінде Двалишвилиге жақындап, оны шапалақпен тартып жібергеннен кейін басталған. Осыдан соң төбелеске грузиялық файтер, оның досы Саба Лазишвили, Усман және оның клубтастары араласқан. Кейін жанжалға қатысқандар ұсталды.
Хабиб Нұрмағомедов жағдайды реттеу үшін БАӘ-ге келіссөз жүргізуге барғаны хабарланды.
Еске салайық, Усман Нұрмағомедов — PFL ұйымының жеңіл салмақтағы чемпионы. Ол Хабиб Нұрмағомедовке үш атадан қосылатын туыс әрі UFC-дің жеңіл салмақтағы файтері Умар Нұрмағомедовтің туған ағасы. Двалишвили де осы салмақта өнер көрсетеді.