Хоригутиді жеңу Асу Алмабаевты UFC-де титулдық жекпе-жекке жақындатады
UFC-дің ресми сайты қазақстандық Асу Алмабаев пен жапониялық Кёдзи Хоригути арасындағы жекпе-жекке шолу жариялады. Ұйымда алдағы кездесу екі спортшы үшін де чемпиондық титулға бастар жолдағы маңызды қадам болуы мүмкін екенін атап өтті, деп хабарлайды Sports24.kz.
Промоушеннің баспасөз қызметінің мәліметінше, жеңіл салмақ дәрежесінің үздік ондығына кіретін екі файтер бетпе-бет кездесіп, дивизиондағы күштердің ара салмағына ықпал етуі мүмкін.
Хоригути рейтингте бесінші орында тұр және өз орнын сақтап қалуға тырысады. Жапониялық файтер былтыр қарашада Тагир Уланбековті тұншықтыру әдісімен жеңіп, UFC-ге оралды. Кейін Амир Альбазиден басым түсті, алайда маусымда Манель Капеден жеңіліп қалды.
Алмабаев болса, жекпе-жекке қатарынан үш жеңіспен келеді. Маусымда қазақстандық Чарльз Джонсонды сирек қолданылатын «Сулоевтің созу әдісімен» жеңді. Осы жеңіс оның UFC-дегі көрсеткішін бір жеңіліске қарсы жеті жеңіске жеткізді.
Ұйым жапониялық қарсыласын жеңу Алмабаевқа чемпиондық белбеу үшін күреске алғаш рет қосылуға мүмкіндік беретінін атап өтті. Айта кетейік, екі файтер де бұған дейін титулдық жекпе-жекке үміткер Манель Капемен кездескен.
«Сондықтан бұл жекпе-жекте титулға келесі үміткер атану жолындағы тартыс болуы әбден мүмкін», — делінген UFC шолуында.
Еске сала кетейік, Асу Алмабаев пен Кёдзи Хоригути арасындағы жекпе-жек 21 қарашада Дохада (Катар) өтеді. Қазақстандық файтер жеңіл салмақ рейтингінде жетінші орында, ал қарсыласы бесінші сатыда тұр.