Арман Царукян мен Маурисио Руффи UFC 331 турнирі алдында салмақ өлшеуден өтті
Арман Царукян мен Маурисио Руффи Лос-Анджелесте өтетін UFC 331 турнирі қарсаңындағы ресми салмақ өлшеу рәсімінен сәтті өтті.
Царукян таразыда 70,76 келі көрсетті. Ал оның қарсыласы Руффидің салмағы 70,31 келі болды. Осылайша екі спортшы да жеңіл салмақ дәрежесінің белгіленген лимитіне сыйды.
Царукян мен Руффи арасындағы бес раундтық жекпе-жек UFC 331 турнирінің екінші басты оқиғасы болады. Арманның кәсіпқой ММА-дағы көрсеткіші - 23 жеңіс және 3 жеңіліс. Оның тоғыз жеңісі нокаутпен, алтауы сабмишнмен келген.
Руффидің еншісінде 14 жеңіс пен 2 жеңіліс бар. Бразилиялық файтердің басты қаруы - соққы техникасы: 14 жеңісінің 13-ін мерзімінен бұрын нокаутпен аяқтаған.
Царукян үшін бұл 2025 жылдың қарашасынан бергі алғашқы жекпе-жек болмақ. Соңғы рет ол Катарда Дэн Хукермен кездесіп, екінші раундта қол-үшбұрыш әдісімен қарсыласын берілуге мәжбүр етті. Бұл Арманның қатарынан бесінші жеңісі болды.
Руффи болса, 2026 жылы екі рет октагонға шығып үлгерді. Қаңтарда Рафаэль Физиевті екінші раундта тоқтатса, маусымда Майкл Чендлерді алғашқы раундта нокаутқа түсірді. Соңғы жеңісінен кейін бразилиялық жеңіл салмақ рейтингінің жетінші сатысына көтерілді.
Қазіргі таңда Царукян UFC жеңіл салмақ рейтингінде екінші, ал Руффи жетінші орында тұр. Олардың жекпе-жегі 19 қыркүйекте Лос-Анджелестегі Crypto.com Arena-да өтеді.