«Оны жасырып қоя алмаймын»: Кравец Бэйлидің болашағы мен «Барыстың» «Металлургті» жеңуі туралы
«Барыстың» бас бапкері Михаил Кравец Магнитогорскінің «Металлург» клубына қарсы өз алаңында өткен кездесуді қорытындылап, 5:4 есебімен аяқталған матчтың шешуші сәттеріне тоқталды. Сондай-ақ Шығыс конференциясының көшбасшысына үш шайба соққан Джастин Бэйлидің командадан кету ықтималдығына қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды Sports24.kz.
15 қарашада «Барыс Аренада» өткен кездесуде қонақтар алтыншы минутта есеп ашқанымен, қазақстандық клуб ойын барысын өз пайдасына өзгерте алды. Алғашқы үзіліске дейін Джастин Бэйли мен Чейз Приски мергендік танытып, алаң иелерін алға шығарды. Екінші кезеңде америкалық шабуылшы тағы екі шайба соғып, хет-трик авторы атанды.
Соңғы жиырма минуттық тартыс шиеленісе түсті. «Металлург» есеп айырмасын қысқартқанымен, Кирилл Савицкийдің бос қақпаға бағыттаған шайбасы астаналықтардың басымдығын сақтап, жеңіске жетуіне көмектесті.
Матчтан кейін Кравец қарсыластың деңгейін ескерген шәкірттері кездесудің бастапқы бөлігінде тым сақ қимылдағанын мойындады.
«Алғашқы минуттарда өзімізге деген сенімділік сәл жетіспеді. Өйткені алдымызда турнир кестесінде бірінші орында тұрған, құрамында шебер ойыншылары көп команда болды. Алайда мұндай қарсыласпен кездескенде жасқануға болмайды. Олардың жылдамдығына төтеп беріп, әр шайба үшін күресіп, алаңдағы жағдайға дер кезінде жауап қайтару қажет. Біртіндеп жігіттер ойынға бейімделіп, белсендірек қимылдай бастады. Қорғаныстағы әрекеттеріміз жақсарып, шабуылда мүмкіндіктер туғыздық. Жанкүйерлердің қолдауы да ойыншылардың өз күшіне сенуіне айтарлықтай әсер етті», – деді бас бапкер.
Маманның пікірінше, кездесудің тағдырын шешкен маңызды сәттердің бірі – екінші кезеңде «Барыстың» бес минут бойы сан жағынан кем құрамда ойнауы. Кравец қарсыластың шабуылдарына төтеп берген қақпашы мен алаңдағы хоккейшілердің еңбегін ерекше атап өтті.
«Меніңше, осы бес минут матчтың нәтижесіне елеулі ықпал етті. Қақпашымыз бен сан жағынан кем ойнаған жігіттер орасан жұмыс атқарды. Үшінші кезеңде қорғанысқа көбірек көңіл бөлуге тырыстық. Дегенмен бірнеше қателік жіберіп, қарсылас сол мүмкіндіктерді бірден пайдаланды. Соған қарамастан команда төтеп беріп, қарсыластың соққыларына тосқауыл қойып, жеңісті сақтап қалды. Осындай керемет атмосфера қалыптастырған жанкүйерлерімізге де алғыс айтамын. Әсіресе олардың Қазақстан әнұранын ерекше әсермен орындағаны маған қатты ұнайды», – деп толықтырды Кравец.
Кездесуден кейінгі тағы бір маңызды тақырып Джастин Бэйлидің болашағына қатысты болды. «Металлург» қақпасына үш шайба соққан америкалық шабуылшы матчтың басты қаһарманына айналды.
Форвардтың нәтижелі ойынынан кейін журналистер бапкерден өзге клубтар қызығушылық танытқан жағдайда Бэйлиді «Барыста» алып қалу қаншалықты қиын болатынын сұрады.
«Қазір мен Джастинді командада қалай сақтап қалуды емес, оның әр кездесуде осылай ойнап, ұжымға пайдасын тигізуін көбірек ойлаймын. Мен үшін ең маңыздысы – осы. Оны консервілеп, қосмекенді жануар секілді су астына жасырып қоя алмаймын ғой. Мұндай мәселелерді клуб басшылығы шешеді. Егер оған қолайлы жағдай жасалса, Бэйлидің өзі де «Барыста» қуана қалатынына сенемін», – деп түсіндірді маман.
Биылғы маусымда Бэйли «Барыс» сапында 26 матч өткізіп, 27 ұпай жинады. Оның еншісінде 16 шайба мен 11 нәтижелі пас бар. Америкалық хоккейші астаналық клубтың ең нәтижелі ойыншыларының бірі саналады.
«Металлургке» қарсы жеңіс Кравец шәкірттері үшін қатарынан екінші табыс болды. Бұған дейін қазақстандық команда Владивостоктың «Адмиралын» 4:2 есебімен ұтқан еді. Осы нәтижелерден кейін «Барыс» 29 ұпаймен Құрлықтық хоккей лигасының Шығыс конференциясында бесінші орнын сақтап қалды.
Астаналық клуб келесі кездесуін 18 қарашада сырт алаңда Уфаның «Салават Юлаев» командасына қарсы өткізеді.