locale KZ
KZ - Қазақ RU - русский

«Барыс» ҚХЛ-да сенсация жасады: Бэйлидің хет-тригі Шығыс конференциясының көшбасшысын жеңуге көмектесті

Астаналық «Барыс» ҚХЛ Шығыс конференциясының көшбасшысы «Металлургты» жеңді
Хоккей
ФОТО: Хк Барыс

Астаналық «Барыс» Құрлықтық хоккей лигасының кезекті ойын күнінде сенсациялық нәтижеге қол жеткізді. Михаил Кравец шәкірттері өз айдынында Шығыс конференциясының көшбасшысы магнитогорскілік «Металлургты» 5:4 есебімен тізе бүктірді. Кездесудің басты қаһарманы үш шайба соғып, хет-трик жасаған Джастин Бэйли болды, деп хабарлайды Sports24.kz.

Ойын алдында айқын фаворит саналған ресейлік клуб Шығыс конференциясының турнирлік кестесінде сенімді түрде көш бастап тұрған еді. Оның үстіне, қос команданың биылғы маусымдағы алғашқы кездесуінде магнитогорскіліктер 3:0 есебімен басым түскен болатын. Алайда бұл жолы елордалық ұжым есесін қайтарды.

Есепті алтыншы минутта қонақтардың қорғаушысы Дмитрий Рубин ашты. Бірінші кезеңнің аяқталуына аз қалғанда Джастин Бэйли таразы басын теңестірді. Араға небәрі 37 секунд салып, Чейз Приски сан басымдығын сәтті пайдаланып, «Барысты» алға шығарды.

Екінші жиырма минуттықта астаналықтар басымдығын арттыра түсті. Алдымен Бэйли өзінің екінші шайбасын соқты. Көп ұзамай Игорь Нечаев есеп айырмасын қысқартқанымен, 38-минутта америкалық шабуылшы тағы бір мәрте мергендік танытып, хет-тригін түйіндеді. Осылайша шешуші кезең алдында таблода 4:2 есебі тіркелді.

Соңғы кезең тартысқа толы болды. 53-минутта Нэйтан Тодд қонақтардың үшінші шайбасын соғып, ойынға қайта интрига қосты. Кездесу аяқталар тұста магнитогорскіліктер қақпашысын алтыншы ойыншыға алмастырды. Алайда Кирилл Савицкий бос қалған қақпаны дәл көздеп, алаң иелерінің басымдығын арттырды.

Соған қарамастан «Металлург» соңына дейін күресті. Финалдық сиренаға 70 секунд қалғанда Максим Вовченко есепті 5:4-ке жеткізді. Дегенмен қалған уақытта «Барыс» қорғаныста сыр бермей, маңызды жеңісін сақтап қалды.

Осылайша елордалық клуб қатарынан екінші рет жеңіске жетті. Бұған дейін Михаил Кравец шәкірттері Владивостоктың «Адмиралын» 4:2 есебімен ұтқан болатын.

ҚХЛ. Тұрақты чемпионат, 15 қараша
«Барыс» (Астана) – «Металлург» (Магнитогорск) – 5:4 (2:1, 2:1, 1:2)
Шайбалар:
Джастин Бэйли (3), Чейз Приски, Кирилл Савицкий – Дмитрий Рубин, Игорь Нечаев, Нэйтан Тодд, Максим Вовченко.

«Барыс» келесі кездесуін 18 қарашада сырт айдында Уфаның «Салават Юлаев» командасына қарсы өткізеді.

Аружан Темірбек
Редактор ru, kk
Sports24.kz 163 мың жазылушы
Басты жаңалықтардан хабардар болыңыз! Жаңалықтар, нәтижелер және спорттағы ең жарқын сәттер. Жазылып, маңызды оқиғалардан хабардар болыңыз!
Пікірлер
Пікір қалдыру үшін тіркелуіңіз керек
Для сіздің ыңғайлылығыңыз бен қауіпсіздігіңіз үшін біз файлдар cookie