Кравец СКА-ны жеңудің сырын ашты: «Барыстың» бас бапкері не деді
Астаналық «Барыстың» бас бапкері Михаил Кравец Құрлықтық хоккей лигасының тұрақты чемпионаты аясында Санкт-Петербургтің СКА командасына қарсы өткен нәтижелі кездесуді (7:4) қорытындылады, деп хабарлайды Sports24.kz.
Қазақстандық клубтың бапкері екі команданың бұған дейінгі өзара кездесулерінің статистикасын ескере отырып, бұл жеңістің маңызы ерекше екенін атап өтті. Сондай-ақ қалың қардың салдарынан Санкт-Петербургке кеш жеткен астаналықтардың матчқа дайындығын негізгі екі қақпашының сырқаттанып қалуы да қиындатқан.
«Осындай мықты команданы жеңгенімізге өте қуаныштымын. Санкт-Петербургте СКА-ға қарсы өткізген соңғы 18 кездесуде «Барыс» небәрі бір рет жеңіске жеткен. Оның өзі біраз уақыт бұрын болған. Сондықтан бұл жеңістің біз үшін орны бөлек. Жолда да қиындықтар болды. Қалың қар жауып, кеш ұшып келдік. Оның үстіне қақпашыларымыз күтпеген жерден сырқаттанып, үшінші қақпашымызды мұз айдынына шығаруға тура келді. Осындай қиындықтарға қарамастан, жігіттер бар күшін салып, өз міндеттерін 200 пайызға орындады. Команданың жеңісі үшін қолдан келгеннің бәрін жасады. Соғылған голдар көңілімнен шықты. Иә, шабуылда кейбір қателіктер болды, бірақ қателескен сәттеріміздің өзінде сенімді әрекет еттік. Сан жағынан кем болғанда төтеп бердік, басымдыққа ие болғанда гол соқтық, қарымта шабуылдарымыз да сәтті шықты. Есеп айырмасын ұлғайтқан гол да керемет болды. Бір сөзбен айтқанда, жақсы хоккей көрсетіп, өз жанкүйерлерімізді де, «СКА Аренаға» келген көрермендерді де қуанттық», – деді Кравец.
Сонымен қатар маман шәкірттерінің кездесудің соңғы бөлігінде жоғары нәтижелілік танытуының себебін түсіндірді. Бапкердің айтуынша, петербургтік хоккейшілердің есепті теңестіруге ұмтылуы астаналықтарға бос кеңістікті тиімді пайдаланып, бірнеше сәтті қарымта шабуыл ұйымдастыруға мүмкіндік берген.
«Олар есепті теңестіруге барынша тырысты. Әрине, бізге қысым көрсетті. Ал біз қорғанысты сауатты ұйымдастырып, қарымта шабуылдарда өз мүмкіндіктерімізді пайдалана білдік. Шайбаны қақпаға дейін жеткізіп, қайтарылған шайбаларды қайта бағыттап, шабуылды соңына дейін жеткіздік. Команда жоғары қарқынмен ойнап, қарсыласына қысым көрсеткен кезде кейбір ойыншылары эпизодтан тыс қалып қояды. Осындай сәттерде басымдыққа ие болдық. Қақпа алдында біздің хоккейшілеріміз көбірек болды. Соның арқасында гол соғатын мүмкіндіктерімізді тиімді пайдаландық», – деп қосты маман.
Еске салайық, Санкт-Петербургтегі жеңіс «Барыстың» СКА-мен өзара кездесулеріндегі қатарынан тоғыз жеңілістен тұратын сериясына нүкте қойды. Қазақстандық клуб 31 матчта 33 ұпай жинап, ҚХЛ-дың Шығыс конференциясында жетінші орынға көтерілді.
Астаналықтар келесі кездесуін 29 қарашада сырт алаңда Нижнекамскінің «Нефтехимик» командасына қарсы өткізеді.