Кравец «Авангардты» ойсырата жеңудің басты себебін атады
Астаналық «Барыстың» бас бапкері Михаил Кравец Құрлықтық хоккей лигасының (ҚХЛ) тұрақты чемпионатында «Авангардты» 5:1 есебімен жеңген матчқа баға берді. Маман шәкірттерінің ойынына көңілі толғанын айтып, олардың тәртіптілігі мен жанкештілігін ерекше атап өтті, деп хабарлайды Sports24.kz.
Кравецтің айтуынша, жеңіске жетудің басты сыры – хоккейшілердің алдын ала құрылған жоспардан ауытқымай, қорғаныста сенімді ойнауы және гол соғатын мүмкіндіктерін тиімді пайдалануы.
«Ең бастысы, команда біз жоспарлаған ойынды көрсетті. Жігіттер өз міндеттерін дұрыс орындап, қарсыластың соққыларына тосқауыл болды және мүмкіндіктерін ұтымды пайдаланды. Әсіресе өз алаңымызда жанкүйерлерімізді қуанта алғанымызға ризамын. Осындай ерекше, ғарыштық күнде жеңісіміз де ғарыштық деңгейде болды», – деді Кравец.

Бас бапкер қақпашы Андрей Шутовтың сенімді ойынын да назардан тыс қалдырмады. «Авангард» хоккейшілері жиі шабуылдап, қақпаға көп соққы бағыттағанымен, Шутов командасын бірнеше мәрте голдан құтқарды. Ол кездесу барысында 41 соққыға тосқауыл қойды.
Кравец шәкірттерінің қарсыласқа қауіпті қарымта шабуылдар ұйымдастыруға мүмкіндік бермегенін атап өтті. Сонымен қатар астаналықтар өз мүмкіндіктерін мүлт жібермей, екінші кезеңде сан басымдығын да голға айналдыра білді.
Еске салайық, кездесу 10 қазанда Астанадағы «Барыс Аренада» өтті. Есепті қонақтар сапынан Наиль Якупов ашты. Алайда алғашқы үзіліске дейін Тайс Томпсон таразы басын теңестірді.
Екінші кезеңде Джастин Бэйли «Барысты» алға шығарса, артынша Мэйсон Морелли есеп айырмасын ұлғайтты. Ал соңғы жиырма минутта Бэйли мен Томпсон тағы бір шайбадан соғып, екеуі де дубль авторы атанды.
Айта кетейік, «Авангардқа» қарсы жеңіс «Барыс» үшін ҚХЛ-дың биылғы маусымындағы қатарынан үшінші табыс болды. Бұған дейін астаналық клуб «Нефтехимикті» овертаймда 5:4, ал мәскеулік «Спартакты» буллит сериясында 4:3 есебімен жеңген еді.
Осы сәтті серияның арқасында қазақстандық клуб 13 матчтан кейін 16 ұпай жинап, Шығыс конференциясының турнирлік кестесінде үшінші орынға көтерілді.
Михаил Кравец шәкірттері келесі кездесуін 12 қазанда өткізеді. «Барыс» өз алаңында Новосібірдің «Сибирь» командасын қабылдайды.