locale KZ
KZ - Қазақ RU - русский

ҚХЛ турнирлік кестесі: «Амурдан» ірі есеппен жеңілген «Барыс» нешінші орында тұр

Астаналық «Барыс» Хабаровскінің «Амур» командасына 2:5 есебімен есе жібергенімен, ҚХЛ Шығыс конференциясындағы екінші орнын сақтап қалды
ҚХЛ турнирлік кестесі: «Амурдан» ірі есеппен жеңілген «Барыс» нешінші орында тұр
ФОТО: Барыс ХК

Қазақстандық «Барыс» хоккей клубы Құрлықтық хоккей лигасының (ҚХЛ) тұрақты чемпионатындағы кезекті кездесуінде жеңіліске ұшырады. Соған қарамастан, елордалық команда Шығыс конференциясының үздік ұжымдары қатарында қалды, деп хабарлайды Sports24.kz.

19 қазанда Михаил Кравец шәкірттері Қиыр Шығыстағы сырт алаңдағы ойындар сериясын Хабаровскінің «Амур» командасына қарсы матчпен жалғастырды. Астаналықтар есепті бірінші болып ашқанымен, басымдығын сақтай алмай, 2:5 есебімен жеңілді.

Кездесудің 11-минутында Ансар Шайхмедденов шайба соғып, «Барысты» алға шығарды. Алайда көп ұзамай Ярослав Лихачев таразы басын теңестірді.

Ойын тағдыры екінші кезеңде шешілді. Бұл бөлікте «Амур» қарсылас қақпасына жауапсыз үш шайба соқты. Алдымен Олег Ли мергендігімен көзге түссе, кейін Кирилл Петков хабаровскіліктердің басымдығын арттырды. Артынша Лихачев дубль авторы атанды.

Үшінші кезеңде Джастин Бэйли есеп айырмасын қысқартқанымен, «Барыс» ойын барысын өзгерте алмады. Лихачев үшінші шайбасын соғып, хет-трик рәсімдеді және матчтың қорытынды есебін 5:2-ге жеткізді.

Осылайша, астаналық клубтың қатарынан екі жеңістен тұратын сериясы тоқтады. Бұған дейін команда Екатеринбургтің «Автомобилисін» 4:1, ал Новосібірдің «Сибирін» 1:0 есебімен жеңген болатын.

«Барыс» ҚХЛ турнирлік кестесінде нешінші орында?

Хабаровскідегі жеңіліске қарамастан, қазақстандық клуб Шығыс конференциясының екінші сатысындағы орнын сақтап қалды.

17 кездесуден кейін «Барыстың» еншісінде 20 ұпай бар. Дәл осындай көрсеткішке ие Нижнекамскінің «Нефтехимигі» үшінші орында орналасқан.

Шығыс конференциясының көшін Магнитогорскінің «Металлургі» бастап тұр. 18 матчта 29 ұпай жинаған команда астаналықтардан тоғыз ұпайға алда келеді.

Төртінші орынға «Барысты» жеңген «Амур» көтерілді. Хабаровскілік ұжымның қоржынында 19 ұпай бар. Дәл осындай ұпай жинаған «Салават Юлаев» пен «Ак Барс» тиісінше бесінші және алтыншы орындарды иеленіп отыр.

Осылайша, «Барыстың» жақын қарсыластарынан басымдығы аса үлкен емес. «Амур», «Салават Юлаев» және «Ак Барс» елордалық клубтан небәрі бір ұпайға қалып келеді.

Командалардың өткізген матч саны да маңызды рөл атқарады. «Барыс» 17 кездесу өткізіп үлгерсе, кейбір бәсекелестерінің әлі де қосымша ойындары бар. Ал Омбының «Авангарды» 15 матчта 16 ұпай жинап, жетінші сатыда тұр. Бұл команда да алдағы кездесулерде ұпай қорын толықтырып, көшбасшылар тобына жақындауға мүмкіндік алады. Үздік сегіздікті 17 ойыннан кейін 15 ұпай жинаған «Сибирь» түйіндейді.

ФОТО: Чемпионат

Демек, екінші орында тұрғанына қарамастан, «Барыстың» жағдайын толықтай тұрақты деп айту қиын. Алдағы кездесулердегі бірнеше ұпай жоғалту команданың турнирлік кестедегі орнына айтарлықтай әсер етуі мүмкін.

Қазақстандық команда келесі кездесуін 21 қазанда Владивостоктың «Адмиралына» қарсы өткізеді. Сырт алаңдағы матч Қазақстан уақытымен сағат 14:30-да басталады. Одан кейін «Барыс» қонақтағы ойындар сериясын жалғастырады. 26 қазанда астаналықтар «Автомобилиспен», ал 28 қазанда Минскінің «Динамосымен» кездеседі.

Аружан Темірбек
Редактор ru, kk
Sports24.kz 163 мың жазылушы
Басты жаңалықтардан хабардар болыңыз! Жаңалықтар, нәтижелер және спорттағы ең жарқын сәттер. Жазылып, маңызды оқиғалардан хабардар болыңыз!
Пікірлер
Пікір қалдыру үшін тіркелуіңіз керек
Для сіздің ыңғайлылығыңыз бен қауіпсіздігіңіз үшін біз файлдар cookie