Кукушкин жеңіспен бастады, ал үздіктер қатарындағы теннисші жарыстан шығып қалды: Almaty Open турнирінің алғашқы күнінің қорытындысы
Алматыда ATP 250 санатындағы турнирдің негізгі кезеңі басталды. Жарыстың алғашқы күні қазақстандық жанкүйерлер Михаил Кукушкиннің жеңісіне куә болды. Сондай-ақ үш сетке созылған тартысты матчтар өтіп, үздік сегіздікке енген теннисшілердің бірі күтпеген жерден жарысты аяқтады, деп хабарлайды Sports24.kz.
Бұған дейін кәсіби мансабын аяқтайтынын мәлімдеген 38 жастағы Михаил Кукушкин өз еліндегі турнирді сәтті бастады. Негізгі кезеңге арнайы шақырту (wild card) алған қазақстандық теннисші Грекия өкілі Стефанос Сакелларидисті жеңді. Екі сетте де жеңімпаз тай-брейкте анықталып, кездесу 2 сағат 14 минутқа созылды.
Алғашқы күннің басты тосынсыйларының бірі сегізінші нөмірмен тіркелген аргентиналық Тьяго Агустин Тирантенің жеңілісі болды. Оның отандасы Факундо Диас Акоста алғашқы сетте тай-брейкте есе жібергенімен, кейін ойын тізгінін өз қолына алып, келесі екі партияда басым түсті.
Турнирдің экс-чемпионы, франциялық Адриан Маннарино да екінші айналымға жолдама алды. Аустралиялық Александр Вукичке қарсы кездесу үш сетке созылды. Алғашқы партияда жеңіске жеткен Маннарино екінші сетте қарсыласына мүмкіндік берді. Алайда шешуші кезеңде қайта басымдық танытып, матчты өз пайдасына аяқтады.
Іріктеу кезеңінен өткен грузиялық Николоз Басилашвили де жеңіске жетті. Ол негізгі кезеңге арнайы шақырту алған хорватиялық Марин Чиличтен басым түсті. Ал аустралиялық Джеймс Дакворт сербиялық Миомир Кецмановичті екі сетте жеңіп, келесі айналымға өтті.
Алғашқы күннің нәтижелері
ATP 250. Алматы (Қазақстан). Бірінші айналым
Михаил Кукушкин (Қазақстан) – Стефанос Сакелларидис (Грекия) – 7:6 (7:4), 7:6 (7:3).
Факундо Диас Акоста (Аргентина) – Тьяго Агустин Тиранте (Аргентина) – 6:7 (3:7), 6:1, 6:4.
Адриан Маннарино (Франция) – Александр Вукич (Аустралия) – 7:6 (7:4), 4:6, 6:3.
Николоз Басилашвили (Грузия) – Марин Чилич (Хорватия) – 6:2, 7:5.
Джеймс Дакворт (Аустралия) – Миомир Кецманович (Сербия) – 6:4, 6:3.
Тек Beeline клиенттері ғана алғашқы ғарыштық мобильді байланысты Direct to Mobile технологиясының арқасында Starlink жерсеріктері арқылы бүкіл Қазақстан аумағында пайдалана алады.