Сәтпаев пен Хусанов: қайсысының трансфері қымбат және Англия футболында кім табысты
Қазақстан мен Өзбекстан футболшылары Еуропаның жетекші клубтарының назарын көбірек аудара бастады. Жаңа буынның жарқын өкілдері қатарында 18 жастағы Дастан Сәтпаев пен 22 жастағы Абдукодир Хусанов бар. Қазақстандық шабуылшы Лондонның «Челси» клубымен келісімшартқа отырып, қазір «Бернли» сапында өнер көрсетіп жүр. Ал өзбекстандық қорғаушы «Манчестер Ситимен» бірге Англияда жүлделер жеңіп үлгерді. Жас айырмашылығына қарамастан, екі футболшы да ағылшын футболына өзіндік жолмен келіп, Еуропаның ірі клубтарының қызығушылығын тудырды.
Sports24.kz екі футболшының Еуропаға жасаған алғашқы қадамдарын, трансфер құнын, статистикасы мен жетістіктерін салыстырды.
Дастан Сәтпаев: «Қайраттан» «Челсиге» дейін
Дастан Сәтпаев 2008 жылғы 12 тамызда дүниеге келген. Футболдағы алғашқы қадамдарын алматылық «Қайратта» жасап, небәрі 15 жасында негізгі құрамда дебют өткізді. Кейін жас шабуылшы Қазақстан футболындағы ең жарқын таланттардың біріне айналды. Ол алматылық клуб сапында 58 матч өткізіп, 26 гол соқты. Сонымен қатар Чемпиондар лигасында өнер көрсетіп, 2025 жылдың қарашасында Бельгия құрамасының қақпасына гол енгізді. Осылайша, Қазақстан ұлттық құрамасының тарихындағы ең жас гол авторы атанды.
2026 жылғы 14 тамызда «Челси» Сәтпаевтың трансферін ресми түрде жариялап, қазақстандық футболшымен 2033 жылға дейін келісімшарт жасасты. Алайда Дастан Англиядағы алғашқы маусымын Чемпионшипте өнер көрсететін «Бернли» клубында жалға алу құқығымен өткізіп жатыр. Ол әзірге алты матчқа қатысты: бесеуі чемпионатта, біреуі Англия Лигасы кубогында. Әзірге қазақстандықтың еншісінде гол да, нәтижелі пас та жоқ. Қыркүйекте санның артқы бұлшықетін жарақаттап, бірнеше кездесуді өткізіп алғанымен, қазан айында қайта алаңға оралды.
Абдукодир Хусанов: Беларусь чемпионатынан «Манчестер Ситиге» дейін
Абдукодир Хусанов 2004 жылғы 29 ақпанда Ташкентте дүниеге келген. Сәтпаевтан айырмашылығы, өзбекстандық қорғаушы Еуропадағы мансабын аса танымал емес чемпионаттан бастады. 2022 жылы ол Беларусьтің «Энергетик-БГУ» клубына қосылып, бір жылдан кейін Францияның «Ланс» командасына ауысты. Француз клубында өзін жақсы қырынан көрсеткен Хусанов Еуропа алпауыттарының назарына ілікті. 2025 жылдың қаңтарында «Манчестер Сити» оны шамамен 40 миллион еуроға сатып алды.
Хусановтың Англия футболына бейімделуі бірден оңай болған жоқ. Дегенмен уақыт өте келе ол команданың қорғаныс шебіндегі маңызды ойыншылардың біріне айналды. 2025/26 жылғы маусымда өзбекстандық футболшы барлық турнирде 37 матч өткізіп, «Манчестер Ситимен» бірге Англия кубогы мен Англия Лигасы кубогын жеңіп алды. 2026 жылдың жазында клуб онымен келісімшартты 2031 жылға дейін ұзартты. Қазіргі маусымда Хусанов Премьер-лига мен Чемпиондар лигасында ойын тәжірибесін жинап, «қалалықтардың» сапында өнер көрсетуін жалғастырып келеді.
Англияда қайсысы көбірек жетістікке жетті?
Қазір екі футболшы кәсіби мансабының әртүрлі кезеңінде тұр. 18 жастағы Сәтпаевтың басты мақсаты - ағылшын футболына бейімделіп, көбірек ойын тәжірибесін жинау және біртіндеп «Челсидің» негізгі құрамына жақындау. Ал 22 жастағы Хусанов бұл жолдың бір бөлігін еңсеріп үлгерді. Ол Премьер-лига клубында өзін танытып, екі трофей жеңіп алды және ұзақмерзімді жаңа келісімшартқа қол жеткізді.
Екі футболшының трансфер құны да айтарлықтай ерекшеленеді. Лондонның «Челси» клубы Дастан Сәтпаевты «Қайраттан» бонус төлемдерін қоса есептегенде шамамен 4 миллион еуроға сатып алды. Бұл келісім Қазақстан футболы тарихындағы ең қымбат трансферлік сатылымға айналды. Ал «Манчестер Сити» Абдукодир Хусановты француздың «Ланс» клубынан шамамен 40 миллион еуроға сатып алған. Демек, өзбекстандық қорғаушының трансфері он есе қымбат болды. Дегенмен Хусанов Англияға ауысқан кезде Францияның Лига 1 чемпионатында тәжірибе жинап үлгерген еді. Ал Сәтпаев ағылшын клубының назарын небәрі 16 жасында аударды.
Олардың алаңдағы міндеттері де әртүрлі. Сәтпаев шабуыл шебінде өнер көрсететіндіктен, оның нәтижелілігі көбіне голдар мен нәтижелі пастар арқылы бағаланады. Ал Хусанов - қорғаушы. Оның басты міндеті - қарсыластың шабуылын тоқтату, доп үшін күресте сенімді ойнау және қорғаныстың тұрақтылығын қамтамасыз ету. Сондықтан екі ойыншыны тек гол статистикасы бойынша салыстыру дұрыс болмас еді.
Соған қарамастан, екеуі де өз елдерінің футбол тарихында маңызды жетістікке қол жеткізді. Сәтпаев Англияның алпауыт клубымен келісімшарт жасасқан ең жас қазақстандық футболшылардың біріне айналса, Хусанов Англия Премьер-лигасында алаңға шыққан алғашқы өзбекстандық ойыншы атанды.