«Шавкат емес пе?»: Бублик өзі ерекше қызығушылық танытатын екі файтердің есімін атады
Алматыда өтіп жатқан Almaty Open ATP 250 турниріне қатысып жатқан қазақстандық теннисші Александр Бублик UFC файтері Шавкат Рахмоновпен таныстығы туралы айтып берді. Жақында екі танымал спортшы әзіл ретінде бір-бірімен көз түйістіріп, жекпе-жек алдындағы дәстүрлі дуэль ұйымдастырған болатын. Бұл сәттің бейнежазбасы әлеуметтік желілерде тез тарады. Бубликтің айтуынша, мұндай жағдайға алғаш рет тап болған және кездесу достық атмосферада өткен, деп хабарлайды Sports24.kz.
Теннисші Рахмоновпен әзірге жақынырақ сөйлесуге мүмкіндік болмағанын мойындады. Екеуі тек танысып, ММА спортшыларының жекпе-жек алдындағы дәстүрлі көз арбасуын қайталады. Сонымен қатар Бублик аралас жекпе-жекке қызығушылығы жақында ғана оянғанын жеткізді.
«Шавкатпен дұрыстап сөйлесіп үлгермедік. Біз алғаш рет кездестік, таныстық, әзіл ретінде бір-бірімізге көз тігіп тұрдық. Бар болғаны осы. Әзірге ММА-ға қатты қызығамын деп айта алмаймын, бұл спортты енді ғана бақылап жүрмін. Карен Хачанов маған жекпе-жектер туралы көп әңгімелейтін. Ол Арман Царукянмен жақын дос болғандықтан, аралас жекпе-жек әлеміндегі жаңалықтарды жақсы біледі. Содан кейін мен де біртіндеп жекпе-жектерді көре бастадым», – деді Бублик.
Қазақстандық спортшы UFC өкілдерінің арасында Ислам Махачевтің өнерін ерекше бақылап жүргенін айтты. Сонымен қатар ол жеке танысы Искандар Зияевтің жекпе-жектеріне де қызығушылық танытады.
«Ислам Махачевпен достасып кеттік, сондықтан оның жекпе-жектерін үнемі бақылап отырамын. Жақында Ташкентте IBA Nomad турнирі өтті. Сол жерде Искандар Зияевке жанкүйер болдым. Онымен де жақсы араласамыз, доспыз. Тіпті менің матчыма келуі де мүмкін. Қазір ерекше назар аударып жүрген екі файтерім бар», – деп қосты теннисші.
Бублик Almaty Open турнирінде қашан ойнайды?
Александр Бублик Алматыдағы турнирде үшінші нөмірмен тіркеліп, жекелей сындағы өнерін бірден екінші айналымнан бастайды. Оның қарсыласы қазақстандық Тимофей Скатов пен мажарстандық Фабиан Марожан арасындағы кездесудің жеңімпазы болады.
Бұдан бөлек, Қазақстанның бірінші ракеткасы жұптық сында жас отандасы Заңғар Нұрланұлымен бірге өнер көрсетеді. Ұйымдастырушылар қазақстандық дуэтке турнирдің негізгі кезеңіне қатысу үшін арнайы шақырту (wild card) берді.
18 қазанда Бублик кәсіби мансабын Almaty Open турнирінен кейін аяқтауды жоспарлап отырған Михаил Кукушкинмен көрме матчына да қатысты.
Ал Шавкат Рахмонов үшін теннисшілермен кездесу спорттық мансабындағы ұзақ үзіліс кезіндегі көпшілік алдына шыққан сәттердің бірі болды. Қазақстандық файтер соңғы жекпе-жегін 2024 жылғы 7 желтоқсанда UFC 310 турнирінде өткізіп, Иэн Мачадо Гарриді төрешілердің бірауыздан шығарған шешімімен жеңді.
Қазіргі уақытта Рахмоновтың кәсіби көрсеткіші – 19 жеңіс және бірде-бір жеңіліс.