«Барыс» жеңілістен кейін ҚХЛ рейтингінде 5 сатыға көтерілді
ҚХЛ баспасөз қызметі лиганың алтыншы ойын аптасының қорытындысы бойынша командалардың күш индексі рейтингін ұсынды, деп хабарлайды Sports24.kz.
Астаналық «Барыс» бес сатыға көтеріліп, рейтингте жетінші орынға жайғасты.
Айта кетейік, күш индексі — ағымдағы маусымдағы көрсеткіштер негізінде математикалық жолмен есептелетін рейтинг.
Күш индексі қазіргі таңда қай командалардың бабында екенін, фавориттерді жеңіп, ұзақ жеңіс серияларын тіркеп жатқанын көрсетеді (негізгі уақытта жеңіске жеткен команда қарсыласының ұпайының 25 пайызын иеленеді, ал овертаймда немесе буллиттер сериясында жеңіске жеткен жағдайда — 12,5%).
Еске сала кетейік, бұған дейінгі матчта Михаил Кравец шәкірттері Қиыр Шығыстағы сырт алаңдағы ойындар сериясын хабаровскілік «Амурға» қарсы кездесумен жалғастырды. Астаналықтар есеп ашқанымен, басымдығын дамыта алмады да, ақырында алаң иелеріне 2:5 есебімен жол берді.
Қазақстандық команда келесі кездесуін 21 қазанда владивостоктық «Адмиралға» қарсы өткізеді. Матч сырт алаңда өтіп, Қазақстан уақытымен 14:30-да басталады.
17 матчтан кейін «Барыстың» еншісінде 20 ұпай бар. Нижнекамскілік «Нефтехимик» те дәл осындай көрсеткішке ие және үшінші орында тұр. Шығыс конференциясының көшін магнитогорскілік «Металлург» бастап келеді. Команда 18 кездесуден кейін 29 ұпай жинап, астаналық клубтан тоғыз ұпайға озып тұр.
ҚХЛ турнир кестесі: «Амурдан» ойсырай жеңілгеннен кейін «Барыс» нешінші орында