Жұлдызды футболшы қылмыстық іс бойынша Канадаға кіре алмады
Гана құрамасы Әлем чемпионаты-2026 аясында Панамаға қарсы ойында команда көшбасшысы Томас Партеясыз шығуға мәжбүр болады, деп хабарлайды Sports24.kz.
Жұлдызды футболшыға ашық қылмыстық іс бойынша Канадаға кіруге рұқсат берілмеді.
Не болды?
2022 жылы үш әйел «Арсеналдың» бұрынғы ойыншысын зорлады деп айыптап, полицияға шағым түсірген. Тергеу әлі күнге дейін жалғасуда.
Канада заңнамасына сәйкес, адамға қатысты қылмыстық іс ашылған жағдайда, ол елге кіре алмайды.
ФИФА-ның қолынан ештеңе келмейді
ФИФА өкілдері футболшыға Канадаға кіруге рұқсат берілмеген жағдайда ұйымның ешқандай ықпал ете алмайтынын мәлімдеді.
«ФИФА растайды: Томас Партея Гана құрамасының АҚШ-тың Бостон қаласындағы оқу-жаттығу базасынан Канадаға, 17 маусым сәрсенбі күні өтетін Панамаға қарсы алғашқы матчқа бара алмайды, себебі оның визаға өтініші канадалық үкімет тарапынан қабылданбады.
ФИФА қабылдаушы елдердің көші-қон процестеріне, оның ішінде визалық мәселелерге араласпайды. Бұған дейінгі ФИФА іс-шараларындағы сияқты, виза алып, елге кіру құқығына ие болатындарды анықтау толығымен қабылдаушы мемлекеттің құзырында», – деп жазылған ұйымның мәлімдемесінде.
Айта кетейік, «Арсеналдан» кеткен соң 32 жастағы Партея испандық «Вильярреал» сапында өнер көрсетіп жүр. Ол сондай-ақ «Атлетико Мадрид» командасындағы ойынымен де танымал.
ӘЧ-2026 L тобының Гана мен Панама арасындағы ойыны Торонто қаласында 18 маусымға қараған түні өтеді. Басталуы – Астана уақытымен сағат 04:00.