Төрт минуттағы камбек: «Ертіс» Шойтымовтың дебюттік матчында «Ақтөбені» жеңді
Қазақстан Премьер-лигасының 24-туры аясында павлодарлық «Ертіс» өз алаңында «Ақтөбені» қабылдады, деп хабарлайды Sports24.kz.
Павлодарлықтар турнир кестесінің соңында келе жатқан әрі матчқа бас бапкер ауысқаннан кейін шыққан еді. Сондықтан командаға жеңіс ауадай қажет болды.
Павлодарлық клубтың жаңа бас бапкері болып қазақстандық маман Ерлан Шойтымов тағайындалды. Ол үшін бұл команда тізгініндегі алғашқы матч болды, сондықтан ұжымның жеңіске деген ынтасы да арта түсті.
Командалар үзіліске қонақтардың минималды басымдығымен аттанды. 37-минутта Артур Шушеначев Черевченко командасын алға шығарды. Алайда екінші таймның басы «Ақтөбе» үшін нағыз соққы болды.
Алаң иелері төрт минуттың ішінде камбек жасады: Леонардо Калил есепті теңестірсе, Рамазан Каримов павлодарлықтарды алға шығарды. Бұл гол жеңіс добына айналды.
Осылайша, павлодарлық клуб турнир кестесіндегі соңғы орыннан көтеріліп, 20 ұпаймен 13-сатыға жайғасты. «Ақтөбе» 35 ұпаймен бесінші орында қалды.
ҚПЛ, 24-тур
«Ертіс» – «Ақтөбе» 2:1
Голдар: Калил, 50, Каримов, 53 – Шушеначев, 37