Бір матчта 53 қызыл қағаз: Бразилияда тарихи рекордпен жаппай төбелес болды
Бразилияда футбол тарихындағы ең даулы оқиғалардың бірі болды. «Уберландия» мен «Маморе» жастар командалары арасындағы матч жаппай төбелеспен және алаңнан қуылғандар саны бойынша бұрын-соңды болмаған көрсеткішпен аяқталды, деп хабарлайды Sports24.kz.
Оқиға 1 қарашада Минас-Жерайс штаты чемпионатының екінші дивизионындағы 20 жасқа дейінгі футболшылар арасындағы жартылай финалдық кездесу кезінде болды.
Негізгі оқиғалар екінші таймның қосымша уақытында өрбіді. «Маморенің» қонақтарға 3:1 есебімен жеңіс әкелген үшінші голынан кейін футболшылардың бірі қарсылас команданың қосалқы ойыншылар отыратын орынды арандата бастады.
Сөз таласы әп-сәтте жаппай төбелеске ұласты. Жанжалға екі команданың футболшыларымен қатар жаттықтырушылар штабының өкілдері де араласты. Төбелеске қатысушылар бір-бірін қолымен және аяғымен ұрып, алаңға бөгде заттар лақтырылды.
Тәртіпсіздіктің ауқымы соншалық, төреші Фернандо Патрик қақтығыс кезінде барлық тәртіп бұзушыға бірден қызыл қағаз көрсете алмады. Кейін төреші матчтың ресми хаттамасында алаңнан қуылғандардың барлығын тіркеді.
Бразилиялық БАҚ-тың мәліметінше, тәртіптік санкциялар 43 футболшыға, жаттықтырушылар штабының сегіз өкіліне және клубтың екі басшысына қатысты қолданылған. Осылайша, алаңнан қуылғандардың жалпы саны 53 адамға жетті.
Бұдан бөлек, «Уберландия» өкілдері төрешіге физикалық күш қолданамыз деп қоқан-лоқы көрсеткен. Матчтан кейін төреші полицияға жүгінді.
Бұл оқиға алаңнан қуылу саны бойынша бұрынғы рекордтан асып түсті. Бұған дейінгі рекорд 36 қызыл қағазды құраған. Ол 2011 жылы Аргентинаның «Клайполе» және «Викториано Аренас» клубтары арасындағы матчта тіркелген.
Алайда жаңа жетістіктің Гиннестің рекордтар кітабы тарапынан ресми мойындалғаны әзірге расталған жоқ.
Ауқымды жанжалға қарамастан, «Маморе» 3:1 есебімен жеңіске жетіп, жарыстың финалына жолдама алды.