locale KZ
KZ - Қазақ RU - русский

Тарихи серия үзілді: Англия Испанияның 43 матчқа созылған жеңіліссіз жолын тоқтатты

Англия құрамасы Испанияның рекордтық сериясына нүкте қойып, Ұлттар лигасындағы өз тобында бірінші орын алды
Футбол
Тарихи серия үзілді: Англия Испанияның 43 матчқа созылған жеңіліссіз жолын тоқтатты
ФОТО: Getty images
УЕФА Ұлттар Лигасы. А Лигасы
15.11.2026, Аяқт.
Испания
2
Англия
3

Испания құрамасы екі жылдан астам уақыттан кейін алғаш рет жеңілістің ащы дәмін татты. УЕФА Ұлттар лигасының топтық кезеңіндегі алтыншы турда Луис де ла Фуэнте шәкірттері өз алаңында Англиядан 2:3 есебімен ұтылды. Томас Тухель бастаған ағылшындар қарсыласының тарихи сериясын тоқтатып қана қоймай, А3 тобындағы көшбасшылықты да өз қолына алды, деп хабарлайды Sports24.kz.

Кездесу 15 қарашада Мадридтегі «Метрополитано» стадионында өтті. Ойынның алғашқы минуттарынан-ақ қонақтар жоғары қарқынды прессингке көшіп, алаң иелеріне еркін қимылдауға мүмкіндік бермеді.

Есеп бірінші таймның соңында ашылды. 45-минутта Испания қорғаушысы Пау Кубарси өз айып алаңында Гарри Кейнге қарсы ереже бұзды. Төреші белгілеген пенальтиді ағылшындардың капитаны мүлтіксіз орындап, командасын алға шығарды.

Үзілістен кейін Англия басымдығын одан әрі арттырды. 53-минутта Деклан Райстың бұрыштамадан асырған добын Эзри Конса баспен қақпаға бағыттап, есепті еселеді. Арада небәрі төрт минут өткенде Джуд Беллингемнің пасын ұтымды пайдаланған Бен Уайт Унаи Симон қорғаған қақпаға үшінші голды соқты.

Осы сәтте матч тағдыры шешілгендей көрінді. Алайда алаңдағы жағдай күрт өзгеріп, қонақтар жеңістен айырылып қала жаздады.

63-минутта Англия құрамасы он ойыншымен қалды. Ламин Ямальға қарсы ереже бұзған Эллиот Андерсон тікелей қызыл қағаз алып, алаңнан қуылды. Ал белгіленген пенальтиді Микель Оярсабаль сәтті орындады.

Сан басымдығына ие болған испаниялықтар шабуылды үдете түсті. 75-минутта Нико Уильямс есеп айырмасын бір допқа дейін қысқартты – 2:3.

Қалған уақытта алаң иелері ағылшындардың қақпасын толассыз шабуылдың астына алды. Ямаль бірнеше қауіпті мүмкіндік туғызғанымен, қонақтардың қақпашысы Джеймс Траффорд шешуші сәттерде командасын құтқарып қалды.

Осылайша, Англия құрамасы әлем чемпиондарының қысымына төтеп беріп, маңызды жеңісті сақтап қалды.

Бұл Испания құрамасының 2024 жылдың наурызынан бергі алғашқы жеңілісі болды. Сол кезде команда жолдастық кездесуде Колумбиядан ұтылған еді.

Содан бері Луис де ла Фуэнте шәкірттері қатарынан 43 матч бойы жеңіліс көрмеген. Осы аралықта испаниялықтар 2024 жылы Еуропа чемпионатын жеңіп алып, 2026 жылы әлем чемпионы атанды.

Мадридтегі кездесу тағы бір ерекше көрсеткішке нүкте қойды. Испания құрамасының жартылай қорғаушысы Фабиан Руис ұлттық команда сапында алғаш рет жеңіліске ұшырады.

Бұған дейін футболшы Испания жейдесінде 53 кездесу өткізіп, оның 38-інде жеңіске жеткен, ал қалған 15 матч тең аяқталған. Англияға қарсы ойын Руистің ұлттық құрамадағы алғашқы сәтсіздігі ретінде тарихта қалды.

Ал ағылшындар өз кезегінде жаңа жетістікке қол жеткізді. Испанияны жеңу Томас Тухель шәкірттерінің сырт алаңдағы қатарынан оныншы жеңісі болды.

Мадридтегі жеңістен кейін Англия құрамасы 15 ұпай жинап, А3 тобының турнирлік кестесінде Испанияны басып озды.

Екі команда да топтық кезеңді бірдей ұпаймен аяқтағанымен, соғылған және жіберілген доптар айырмашылығы бойынша ағылшындар алға шықты.

Нәтижесінде Англия Ұлттар лигасының ширек финалына топ жеңімпазы ретінде жолдама алды. Ал әлемнің қазіргі чемпиондары Испания жарыстың келесі кезеңінде екінші орын иегері ретінде бақ сынайды.

Аружан Темірбек
Редактор ru, kk
Sports24.kz 163 мың жазылушы
Басты жаңалықтардан хабардар болыңыз! Жаңалықтар, нәтижелер және спорттағы ең жарқын сәттер. Жазылып, маңызды оқиғалардан хабардар болыңыз!
Пікірлер
Пікір қалдыру үшін тіркелуіңіз керек
Для сіздің ыңғайлылығыңыз бен қауіпсіздігіңіз үшін біз файлдар cookie