Суперкомпьютер «Қайраттың» еурокубоктардағы ықтимал қарсыластарын атады
«Қайрат» пен «Андерлехт» арасындағы Еуропа лигасының плей-офф кезеңіндегі матчтар алматылықтардың келесі маусымда қай еурокубокта өнер көрсететінін анықтайды. Негізгі кезең – қалтада, ал Рафаэль Уразбахтиннің командасын не күтіп тұрғаны белгілі, деп хабарлайды Sports24.kz.
Егер алматылықтар Еуропа лигасының негізгі кезеңіне жолдама алса, суперкомпьютердің болжамы бойынша ең ықтимал қарсыластар келесідей (жақша ішінде – түсу пайызы):
- 1-қоржын: АЗ (25%), «Фенербахче» (24%)
- 2-қоржын: «Борнмут», «Кристал Пэлас» (екеуі де – 24%)
- 3-қоржын: «Бешикташ» (25%), «Сельта» (23%)
- 4-қоржын: «Левски» (28%), «Викинг», «Лиллестрем» (екеуі де – 27%)
Алайда, FMD-нің болжамынша, «Қайраттың» келесі еуромаусымды Конференция лигасында өткізуі әлдеқайда ықтимал. Бұл турнирдегі ықтимал қарсыластар былай бөлінген:
- 1-қоржын: «Спортинг», «Фрайбург», «Рейнджерс», «Монако» (бәрі – 17%)
- 2-қоржын: «Копенгаген», «Мидтьюлланд» (екеуі де – 23%)
- 3-қоржын: «Панатинаикос» (21%)
- 4-қоржын: «Сент-Трюйден» (18%)
- 5-қоржын: «Орхус» (26%)
- 6-қоржын: «Мелльбю», «Тун» (екеуі де – 18%)
Айта кетейік, Еуропа лигасы мен Конференция лигасының негізгі кезеңінің жеребесі жұма күні, 28 тамызда өтеді. Оған дейін «Қайрат» пен «Андерлехт» арасындағы ойындар болады, әрі қазірдің өзінде командалар арасындағы алғашқы матчтың қазылары белгілі.