locale KZ
KZ - Қазақ RU - русский

Видео: Жәнібек Әлімханұлы IBF белбеуін қалай жеңіп алып, біріктірілген әлем чемпионы атанды

Қазақстандық боксшы орта салмақта WBO және IBF белбеулерін біріктіріп, кейін шеттету кезеңінен өтті. Енді ол жаңа салмақ дәрежесінде әлем чемпионы атағына таласуға дайындалып жатыр
Видео: Жәнібек Әлімханұлы IBF белбеуін қалай жеңіп алып, біріктірілген әлем чемпионы атанды
ФОТО: Getty images

Жәнібек Әлімханұлы 2026 жылдың соңына қарай өтуі тиіс келесі жекпе-жегіне дайындалып жатқанда, Sports24.kz қазақстандық боксшының кәсіби мансабындағы маңызды кезеңдерді еске түсіруді жөн көрді. Үш жылға жуық уақыт ішінде ол екі бірдей чемпиондық белбеуді иеленіп, кейін бір титулынан айырылды, орта салмақты артта қалдырып, суперорта салмақта жаңа чемпиондық мүмкіндікке ие болды.

Жәнібектің мансабындағы ең жарқын кештердің бірі 2023 жылдың 14 қазанында өтті. АҚШ-тың Техас штатындағы Розенберг қаласында ол сол сәтке дейін жеңіліп көрмеген Винченцо Гуальтьеримен қолғап түйістірді. Жекпе-жекте орта салмақтағы екі әлем чемпионы атағы сарапқа салынды: Әлімханұлы WBO белбеуін қорғаса, неміс боксшысы IBF чемпионы мәртебесінде рингке шықты.

Кездесуге дейін екі боксшының да көрсеткіші жоғары еді. Жәнібек кәсіпқой рингте 14 жекпе-жектің барлығында жеңіске жетіп, оның тоғызын мерзімінен бұрын аяқтаған. Ал Гуальтьеридің еншісінде 21 жеңіс пен бір тең нәтиже болды.

Қазақстандық боксшы алғашқы раундтардан-ақ кездесудің қарқынын өз қолына алды. Ол арақашықтықты бақылап, қарсыласына еркін қимылдауға мүмкіндік бермей, қысымды біртіндеп күшейтті.

Бесінші раундта Әлімханұлының сол қолмен жасаған қуатты апперкоты Гуальтьериді қатты шайқалтты. Неміс боксшысы раунд соңына дейін шыдағанымен, келесі үш минуттықта Жәнібектің шабуылы одан әрі үдей түсті.

Алтыншы раундта қазақстандық тағы бірнеше дәл соққы жасап, қарсыласын қорғанысқа мәжбүр етті. Гуальтьери жауап қайтара алмай қалған сәтте төреші кездесуді тоқтатты.

Осы жеңістің арқасында Әлімханұлы кәсіпқой мансабындағы 15-жеңісіне жетіп, алғаш рет біріктірілген әлем чемпионы атанды. Ол өзіндегі WBO белбеуіне Гуальтьериге тиесілі IBF титулын қосты. Бұл Жәнібектің оныншы мерзімінен бұрынғы жеңісі болса, неміс боксшысы кәсіби мансабында алғаш рет жеңіліс тапты.

Ол кезде қазақстандықтың келесі мақсаты дивизиондағы басқа да чемпиондық белбеулерді біріктіру болады деп күтілген. Алайда бірнеше жылдан кейін оның мансабындағы жағдай күрт өзгерді.

2025 жылдың соңында Әлімханұлының допинг-сынамасынан мельдоний анықталды. 2 желтоқсаннан бастап боксшы жарыстардан шеттетіліп, бұл жағдай кейін оның чемпиондық мәртебесіне де әсер етті.

IBF ережесі бойынша чемпион белгіленген уақыт аралығында өз белбеуін қорғауға міндетті. Жәнібек шеттетілуіне байланысты бұл талапты орындай алмады. Соның салдарынан 2026 жылдың 5 наурызында ұйым оның орта салмақтағы IBF титулын бос деп жариялады.

Осылайша, Гуальтьериді жеңіп алған белбеу арада шамамен екі жарым жыл өткенде қазақстандықтың қолынан рингтегі жеңіліс арқылы емес, регламенттік себеппен кетті.

Ал WBO бастапқыда Әлімханұлының чемпиондық мәртебесін сақтап қалды. Кейін қазақстандықтың уақытша шеттетілуіне қатысты шешім де өзгерді. WBO комитеті 2026 жылдың 10 шілдесінен бастап оның уақытша дисквалификациясы аяқталғанын растады.

Ұйым бұл шешім бұрын болған тәртіптік істі жоққа шығармайтынын, тек Әлімханұлына қойылған талаптар орындалғаннан кейін оны жекпе-жектерден әрі қарай шеттетуге негіз қалмағанын атап өтті.

Алайда Жәнібек орта салмақтағы WBO белбеуін сақтап қалуға ұмтылған жоқ. Ол жаңа мақсат таңдап, суперорта салмаққа көтерілді. Осы шешіміне байланысты қазақстандық орта салмақтағы WBO чемпиондық атағынан бас тартты.

Жаңа дивизионда Әлімханұлы чемпиондық мүмкіндікке ұзақ күтпеді.

WBO суперорта салмақтағы жағдайды қарап, қазақстандық пен Джейкоб Банктың чемпиондық белбеуге таласу құқығын бағалады. Нәтижесінде ұйым Әлімханұлын міндетті үміткер ретінде бекітті.

Енді Жәнібектің көздегені - WBO чемпионы Хамза Шираздың белбеуі. Екі боксшының командасына жекпе-жек шарттарын келісу үшін 20 күн уақыт берілді. Егер тараптар осы мерзім ішінде ортақ мәмілеге келе алмаса, WBO кездесуді өткізу құқығына промоутерлік сауда жариялай алады.

Осылайша, үш жылға жетпейтін уақыт ішінде Әлімханұлының мансабындағы жағдай бірнеше рет өзгерді. 2023 жылдың күзінде ол рингтен екі чемпиондық белбеумен шықса, кейін уақытша шеттетіліп, IBF титулынан айырылды және орта салмақпен қоштасты.

Енді қазақстандық боксшының алдында жаңа кезең тұр. Ол орта салмақтағы біріктірілген чемпион мәртебесін артта қалдырғанымен, суперорта салмаққа көтерілгеннен кейін бірден әлем чемпиондығына таласатын мүмкіндікке ие болды.

Әлімханұлының келесі жекпе-жегі жылдың соңына қарай өтеді деп күтілуде. Егер Ширазбен келіссөздер сәтті аяқталса, Жәнібек WBO белбеуін енді екінші салмақ дәрежесінде жеңіп алуға мүмкіндік алады.

Аружан Темірбек
Аружан Темірбек
Редактор
Sports24.kz 163 мың жазылушы
Басты жаңалықтардан хабардар болыңыз! Жаңалықтар, нәтижелер және спорттағы ең жарқын сәттер. Жазылып, маңызды оқиғалардан хабардар болыңыз!
Пікірлер
Пікір қалдыру үшін тіркелуіңіз керек
Для сіздің ыңғайлылығыңыз бен қауіпсіздігіңіз үшін біз файлдар cookie