«Адамеспен жекпе-жекті үш жыл күттім»: Нұрсұлтанов ұзақ үзілістің себебін түсіндірді
Қазақстандық боксшы Мейірім Нұрсұлтанов кәсіпқой мансабындағы үш жылға жуық үзілістің себебін түсіндірді. Осы уақыт аралығында спортшы жаттығуын тоқтатпай, Карлос Адамеспен үлкен жекпе-жек өткізу мүмкіндігін күткен, деп хабарлайды Sports24.kz.
Нұрсұлтанов соңғы рет Ташкентте рингке шығып, кезекті жеңісіне қол жеткізген еді. Осыдан кейін қазақстандық боксшы чемпиондық жекпе-жекке бір қадам жақындауды көздеп, Карлос Адамеспен кездесуді күткен. Алайда жоспарланған айқас сол күйі жүзеге аспады.
«Соңғы рет рингке шыққаныма үш жыл болып қалды. Ол кезде Ташкентте жеңіске жеттім, содан кейін Карлос Адамеспен жекпе-жек өткізу мүмкіндігін күттім. Ақыры бұл күту бірнеше жылға созылды. Бірақ жаттығуды тоқтатқан жоқпын. Ағаларым үнемі қолдап, шыдамды болуға шақырды. Қазір АҚШ-тамыз, келесі айқасқа дайындалып жатырмыз», - деді Нұрсұлтанов «СПОРТ МИНИСТРІ» YouTube-арнасына берген сұқбатында.
Ұзақ үзіліске қарамастан, қазақстандық боксшы кәсіпқой рингте әлі жеңіліп көрген жоқ. Оның еншісінде 20 жекпе-жек, 20 жеңіс бар, оның 11-ін мерзімінен бұрын аяқтаған.
Нұрсұлтановтың келесі айқасы 19 қыркүйекте АҚШ-тың Сан-Диего қаласында өтеді. Оның қарсыласы - америкалық Хесус Рамос-жуниор. Рамостың кәсіпқой бокстағы көрсеткіші - 24 жеңіс, 1 жеңіліс, 19 нокаут.
Жекпе-жекте WBC нұсқасы бойынша орта салмақтағы уақытша әлем чемпионы атағы сарапқа салынады. Яғни үш жылдық үзілістен кейін Нұрсұлтанов бірден чемпиондық белбеуге таласатын мүмкіндік алып отыр.
Алдағы кездесу қазақстандық үшін оңай болмасы анық. Рамос соңғы жылдары тұрақты түрде рингке шығып жүр және нокаутпен жеңу көрсеткіші жоғары боксшылардың бірі. Сондықтан ұзақ үзілістен кейінгі Нұрсұлтанов үшін бұл айқас маңызды сынақ болмақ.
Соған қарамастан, қазақстандық боксшы осы үш жыл бойы дайындықтан қол үзбегенін атап өтті. Ол үлкен жекпе-жекті күтіп жүріп те жаттығуын жалғастырған.
Бокс кешінің басты айқасында Айзек Крус пен Нестор Браво кездеседі. Олар бірінші жартылай орта салмақтағы WBC уақытша чемпиондық белбеуін сарапқа салады.