Видео: Шавкат Рахмонов жарақаттан кейін бабына келіп жатыр: қазақстандық әлем чемпионымен спарринг өткізді
Қазақстандық UFC файтері Шавкат Рахмонов тізесіндегі жарақаттан кейінгі ұзақ оңалту кезеңінен соң жаттығуын жалғастырып жатыр. Darteam командасының әлеуметтік желідегі парақшасында жартылай орта салмақтағы жеңіліссіз спортшының жаңа жаттығу видеосы жарияланды, деп хабарлайды Sports24.kz.
Бұл жолы Рахмоновтың спаррингтегі серіктесі бокстан екі дүркін әлем чемпионы Санжар Тәшкенбай болды. Видеода Шавкат күреске ауысып, тұншықтыру әдісіне шыққан сәт көрінеді. Тәшкенбай берілгенін білдіргеннен кейін Рахмонов бірден әдісті тоқтатып, жаттығу ары қарай жалғасқан.
Санжар үшін партердегі жұмыс мүлде бөтен емес. Қазақстандық боксшы бұған дейін жекпе-жек спортындағы алғашқы қадамдарын ММА-дан бастағанын, кейін толықтай боксқа ауысқанын айтқан.
Рахмоновтың осындай спаррингтерге қайта қатыса бастауы оның ұзақ үзілісін ескерсек, маңызды белгі. Қазақстандық файтер соңғы ресми жекпе-жегін 2024 жылдың 7 желтоқсанында Лас-Вегаста өткен UFC 310 турнирінде өткізген. Сол кеште оның қарсыласы Иэн Гэрри болды.
Айқас толық бес раундқа созылып, төрешілердің бірауыздан шығарған шешімімен Рахмоновтың жеңісімен аяқталды. Осылайша Шавкат кәсіпқой мансабындағы мінсіз көрсеткішін сақтап қалды - 19 жекпе-жек, 19 жеңіс.
Гэрриді жеңгеннен кейін Рахмонов жартылай орта салмақтағы чемпиондық белбеуге басты үміткерлердің бірі саналған. Алайда тізесінен алған ауыр жарақат оның жоспарларын кейінге шегеріп, ұзақ уақыт октагоннан тыс қалуына себеп болды.
Қазір қазақстандық файтер біртіндеп қалыпты жаттығу ырғағына оралып келеді. Соңғы кадрлар оның тек физикалық дайындығын арттырып қана қоймай, күрес пен спарринг элементтерін де толық көлемде орындап жүргенін көрсетеді.
Әзірге Шавкаттың келесі жекпе-жегінің нақты күні ресми түрде жарияланған жоқ. Ендігі басты мәселе - оның толық қалпына келіп, UFC-дің ең бәсекелі дивизиондарының біріндегі чемпиондық жолын қашан жалғастыратыны.
Ал Санжар Тәшкенбай өз мансабындағы жаңа кезеңге дайындалып жатыр. 28 тамызда Астанада ол кәсіпқой бокста дебют жасауы тиіс. Оның қарсыласы - 25 жастағы филиппиндік Нил Джакамос. Оның рекорды - 7 жеңіс, 1 жеңіліс.
Жекпе-жек он раундқа есептелген, ал кездесуде IBF Asia нұсқасы бойынша бос тұрған чемпиондық белбеу сарапқа салынады. Бұл Тәшкенбайдың әуесқой бокстағы табысты мансабынан кейінгі кәсіпқой рингтегі алғашқы айқасы болмақ.