Саудиялық алыптар «Барселона» көшбасшысына көз тікті
«Барселонаның» көшбасшысы Рафинья жақын арада әлемдегі ең жоғары жалақы алатын футболшылардың біріне айналуы мүмкін, деп хабарлайды Sports24.kz тілшісі.
MundoDeportivo дерегінше, Сауд Арабиясының екі алпауыты 29 жастағы «Барселона» вингеріне өте тиімді келісімшарт ұсынуға дайын.
Хабарланғандай, «Аль-Хиляль» мен «Аль-Наср» каталондық клубтың қаржылық қиындықтарын пайдаланып, Рафинья үшін 80 миллион еуро ұсынуға және оның қазіргі жалақысынан төрт есе көп айлық төлеуге әзір.
Футболшының өзі әзірге түпкілікті шешім қабылдаған жоқ, себебі оның «Барселонамен» келісімшарты әлі де күшінде. Дегенмен, әлем чемпионатынан кейін тараптар келіссөздерге қайта оралуы мүмкін.
Рафиньяның каталондық клубпен келісімшарты 2028 жылға дейін жарамды, ал Transfermarkt оның трансферлік құнын қазіргі уақытта 70 миллион еуроға бағалап отыр.