Самородовтың «Спартакқа» ауысуы мүмкін бе? Қазақстандық футболшы сыбысқа жауап берді
«Ахматтың» қазақстандық футболшысы Максим Самородов мәскеулік «Спартакқа» ауысуы мүмкін деген ақпаратқа қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды Sports24.kz.
24 жастағы вингер трансфер жайлы әңгімелерге аса мән бермейтінін және бұл мәселе бойынша нақты ақпараттан хабарсыз екенін айтты.
«Қалай қараймын? Ешқандай. Өйткені мұның бәрі әзірге сыбыс қана. Шынымды айтсам, ештеңе білмеймін, сондықтан айтарым да жоқ», – деді Самородов «Чемпионатқа» берген сұқбатында.
Қазақстандық футболшы РПЛ-дегі бәсекелестік туралы да ойын ортаға салды. Оның айтуынша, Ресей чемпионатында кез келген қарсылас қиындық тудыруы мүмкін және матч тағдырын көбіне мүмкіндіктерді тиімді пайдалану шешеді.
«Тек «Краснодарға» қарсы ойнау қиын емес. Бұған дейін «Факелмен» де оңай матч өткізген жоқпыз. Сондықтан біздің чемпионатта айқын фаворит немесе аутсайдер жоқ деп ойлаймын. Кім өз мүмкіндігін жақсы пайдаланса, сол жеңіске жетеді», – деді футболшы.
Соған қарамастан, Самородовтың болашағына қатысты әңгіме әлі де жалғасып жатыр. 24 жастағы вингер «Спартактың» құрамын күшейтуге қарастырып отырған нұсқаларының бірі болып қала береді. Алайда мәскеулік клуб қазақстандық футболшы үшін сұралған бағаны тым жоғары деп есептейді. Сол себепті оның жазғы трансферлік кезеңде «Спартакқа» ауысу ықтималдығы төмен.
11 тамызда инсайдер Анар Ибрагимов «Спартактың» Самородов үшін бонустарды қоса есептегенде 8 миллион еуро ұсынғанын хабарлады. Сонымен қатар мәскеулік клуб футболшымен жеке келісімшарт талаптарын келісіп қойған.
Самородов биылғы маусымда РПЛ-де төрт матч өткізіп, әзірге гол немесе нәтижелі паспен көзге түскен жоқ. Оның «Ахматпен» келісімшарты 2028 жылдың маусым айының соңына дейін жарамды.