ҚПЛ клубы Қазақстан құрамасының екі ойыншысына көз тікті
Петропавлдық «Қызылжар» құрамын айтарлықтай күшейтуді жоспарлап отыр, деп хабарлайды Sports24.kz тілшісі.
Белгілі инсайдер Эльдар Аманбаевтың хабарлауынша, «Қызылжар» Қазақстан ұлттық құрамасының қазіргі екі ойыншысын қатарға қосуды көздеп отыр. Аталған футболшылардың жуырда ғана УЕФА Ұлттар лигасында ұлттық құрама сапында өнер көрсеткені атап өтілді.
Айта кетейік, петропавлдық ұжым ҚПЛ-да 26 матч өткізгеннен кейін турнир кестесінде 14-орында тұр.
Үзілістен кейін «Қызылжарды» чемпионатта үш маңызды матч күтіп тұр: 10 қазанда сырт алаңда «Ертіспен», 24 қазанда өз алаңында «Ұлытаумен» және 31 қазанда қонақта «Каспиймен» кездеседі.
Еске салайық, жазда «Қызылжар» жаттықтырушылар құрамында өзгеріс жасады. Маусым айының соңында клуб Милич Чурчичпен ынтымақтастықты тоқтатқанын жариялады, ал 4 шілдеде команданы Виталий Жуковский басқарды.
Бұған дейін клуб ҚПЛ-дан түсіп қалған жағдайда басшылық құрамын толық ауыстыратыны хабарланған болатын.