locale KZ
KZ - Қазақ RU - русский

Оралбай Азиададан кейін қатардан шықты: Олимпиада жүлдегеріне не болды?

Париж Олимпиадасының күміс жүлдегері Нұрбек Оралбай Азиада-2026 барысында алған жарақаты туралы мәлімдеді
Оралбай Азиададан кейін қатардан шықты: Олимпиада жүлдегеріне не болды?
ФОТО: KBF

Қазақстан бокс құрамасының көшбасшыларының бірі Нұрбек Оралбай Жапонияда өткен Азия ойындарынан кейін жарыстардан уақытша шет қалуға мәжбүр. Бұған 26 жастағы спортшының Өзбекстан өкілі Тұрарбек Хабибуллаевпен ширек финалдағы жекпе-жекте иығын жарақаттап алуы себеп болды, деп хабарлайды Sports24.kz.

Боксшының қазіргі жағдайы туралы журналист Аслан Қаженов мәлімдеді. Ол Париж Олимпиадасының күміс жүлдегерімен тікелей байланысқа шыққан.

Журналистің айтуынша, Оралбай жарақатына байланысты Қазақстан чемпионатына қатыса алмайтынын растаған. Қажет болған жағдайда спортшы жарақатын дәлелдейтін медициналық анықтама мен тексеру нәтижелерін ұсынуға дайын.

Сонымен қатар Нұрбек алдағы жарысқа қатыспауы 90 келіге дейінгі салмақ дәрежесіндегі бәсекелестіктен қашу емес екенін жеткізген. Ол ұлттық құрамадағы орны үшін күресуге дайын екенін және өз салмағында әлі де үздік екенін дәлелдеуге ниетті екенін айтқан.

Осылайша, Оралбай 29 қазанда Тараз қаласында басталатын Қазақстан чемпионатын өткізіп алады. Оның жарыс жолына нақты қашан оралатыны әзірге белгісіз.

Еске салайық, 2026 жылғы Азия ойындарында Нұрбек 90 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде бақ сынады. Алғашқы жекпе-жегінде ол Ауғанстан өкілі Силаб Нуримен кездесіп, төрешілердің бірауыздан шығарған шешімімен 5:0 есебімен жеңіске жетті.

Алайда ширек финалда қазақстандық боксшыны Өзбекстан өкілі Тұрарбек Хабибуллаевпен тартысты кездесу күтіп тұрды. Үш раундқа созылған жекпе-жек қорытындысында төрешілердің шешімі екіге бөлініп, Оралбай 2:3 есебімен жеңіліс тапты.

Нәтижесінде қазақстандық боксшы жүлдеге бір қадам жетпей жарысты аяқтады. Ал оның қарсыласы кейін осы салмақ дәрежесінде Азиаданың алтын медалін жеңіп алды.

Айта кетейік, Нұрбек Оралбай – Қазақстан құрамасындағы ең титулды боксшылардың бірі. Ол 2023 жылы әлем чемпионы атанса, 2024 жылы Париж Олимпиадасының күміс жүлдесін иеленді.

Аружан Темірбек
Редактор ru, kk
Sports24.kz 163 мың жазылушы
Басты жаңалықтардан хабардар болыңыз! Жаңалықтар, нәтижелер және спорттағы ең жарқын сәттер. Жазылып, маңызды оқиғалардан хабардар болыңыз!
Пікірлер
Пікір қалдыру үшін тіркелуіңіз керек
Для сіздің ыңғайлылығыңыз бен қауіпсіздігіңіз үшін біз файлдар cookie