locale KZ
KZ - Қазақ RU - русский

Сәтпаев неге небәрі 20 минут ойнады? «Бернли» бапкері шешімін түсіндірді

«Бернлидің» бас бапкері Никки Хайен Дастан Сәтпаевтың жарақаттан кейінгі алғашқы ойынына баға берді
Сәтпаев неге небәрі 20 минут ойнады? «Бернли» бапкері шешімін түсіндірді
ФОТО: Getty images
Чемпионшип Англия
10.10.2026, Аяқт.
Уотфорд
0
Бернли
4

Ағылшынның «Бернли» клубының бас бапкері Никки Хайен 18 жастағы қазақстандық шабуылшы Дастан Сәтпаевтың жарақаттан кейін алаңға оралуына қатысты пікір білдірді. Маман Чемпионшиптің тоғызыншы турында «Уотфордқа» қарсы кездесуде жас футболшыға не себепті небәрі 20 минуттай ойын уақытын бергенін айтты, деп хабарлайды Sports24.kz.

Санның артқы бұлшықетін жарақаттап алған Сәтпаев бір айдан астам уақыт бойы алаңға шыға алмады. Ол қыркүйек айының басынан бері алғаш рет ресми матчқа қатысып, «Уотфордқа» қарсы кездесудің 74-минутында Якоб Бруун Ларсенді алмастырды.

Ойыннан кейін Хайен қазақстандық футболшының алаңда қанша уақыт өткізетіні алдын ала жоспарланғанын айтты. Бұл шешім медициналық штабпен бірлесіп қабылданған. Өйткені клуб жас шабуылшыны жарақаттан кейін бірден ауыр жүктемеге салғысы келмейді.

«Дастан бірнеше матчты өткізіп алды. Ал алдағы бір аптада бізді үш кездесу күтіп тұр. Сондықтан медициналық штабпен оның жағдайын талқылап, шамамен 20 минут ойын уақытын беруді ұйғардық. Біз үшін футболшыларды дұрыс дайындау, оларға шамадан тыс күш түсірмеу және денсаулығын сақтауға көмектесетін шешімдер қабылдау маңызды», – деді Хайен.

Сонымен қатар бас бапкер Сәтпаевтың алаңға оралғаннан кейінгі ойынына көңілі толғанын жеткізді. Оның айтуынша, қазақстандық шабуылшы жаттығуларда өзін жақсы қырынан көрсеткен және матч барысында команда шабуылын күшейте алған.

«Жаттығуларда ол өте жақсы көрінді. Бүгін де Дастан алаңға шыққаннан кейін қарсыласқа қауіп төндіре алатынын көрсетті. Бірақ мен тек ол туралы ғана айтқым келмейді. Бүгін бүкіл команда жақсы футбол ойнады. Егер әр ойыншы өз мүмкіндігін толық пайдаланса, осы маусымда жақсы нәтижелерге қол жеткізе аламыз», – деп қосты маман.

Еске салайық, Сәтпаев қыркүйек айының басында «Мидлсброға» қарсы кездесуде (1:1) жарақат алған болатын. Сол матчта қазақстандық футболшы 80 минуттан астам уақыт ойнап, алаңнан «Бернли» жанкүйерлерінің қошеметімен кеткен еді.

Осыдан кейін шабуылшы шамамен бір жарым ай бойы қатардан шығып қалды. Оның қалпына келуіне «Челсидің» медициналық мамандары да атсалысты.

Дастан 10 қазанда «Уотфордқа» қарсы кездесуде алаңға қайта оралды. Ойынның соңына қарай ол Англиядағы алғашқы нәтижелі пасын тіркеуге жақын болды. Қазақстандық футболшының пасынан кейін Джейми Варди допты қақпаға енгізгенімен, төрешілер офсайдты тіркеп, голды есепке алмады.

Ал «Бернли» қарсыласын 4:0 есебімен ойсырата жеңіп, Чемпионшиптің биылғы маусымындағы алғашқы жеңісіне қол жеткізді. Бұған дейін Никки Хайен шәкірттері қатарынан сегіз тур бойы жеңіске жете алмаған еді.

Ағылшын клубы келесі кездесуін 13 қазанда өз алаңында «Чарльтон Атлетикке» қарсы өткізеді. Әзірге Сәтпаевтың бұл матчта қанша уақыт ойнайтыны белгісіз. Дегенмен оның жарақаттан айығып, командаға оралуы бапкерлер штабының шабуыл шебіндегі мүмкіндіктерін арттырды.

Аружан Темірбек
Редактор ru, kk
Sports24.kz 163 мың жазылушы
Басты жаңалықтардан хабардар болыңыз! Жаңалықтар, нәтижелер және спорттағы ең жарқын сәттер. Жазылып, маңызды оқиғалардан хабардар болыңыз!
Пікірлер
Пікір қалдыру үшін тіркелуіңіз керек
Для сіздің ыңғайлылығыңыз бен қауіпсіздігіңіз үшін біз файлдар cookie