locale KZ
KZ - Қазақ RU - русский

Қазақстан 95-минутта Словакиядан жеңісті жіберіп алды: Ұлттар лигасындағы матчтың бейнешолуы

Қазақстан құрамасы Словакияға қарсы кездесудің 95-минутында жеңістен айырылды
Футбол
Қазақстан 95-минутта Словакиядан жеңісті жіберіп алды: Ұлттар лигасындағы матчтың бейнешолуы
ФОТО: KFF
УЕФА Ұлттар Лигасы. С Лигасы
16.11.2026, Аяқт.
Қазақстан
2
Словакия
2

16 қарашада «Астана Арена» стадионында УЕФА Ұлттар лигасының 2026/27 жылғы маусымындағы топтық кезеңнің алтыншы турында Қазақстан мен Словакия құрамалары кездесті. Алаң иелері турнирдегі алғашқы жеңісіне жақын болғанымен, төреші қосқан уақытта жіберген гол үш ұпай иеленуге мүмкіндік бермеді, деп хабарлайды Sports24.kz.

Словакия құрамасы Астанаға С дивизионының 3-тобында бірінші орынды мерзімінен бұрын қамтамасыз етіп келді. Осыған байланысты қонақтардың бас бапкері Владимир Вайсс бірқатар негізгі ойыншыларына демалыс беріп, бұған дейін алаңға сирек шыққан футболшыларға мүмкіндік жасады.

Бірінші таймда қауіпті сәттер көп болған жоқ. Дегенмен 29-минутта қазақстандықтар есеп ашты. Ғалымжан Кенжебек сол қапталмен алға жылжып, айып алаңына пас асырды. Допқа бірінші жеткен Ислам Чесноков дәл соққымен қарсылас қақпасын дәл көздеді. Айта кетейік, жартылай қорғаушы ұлттық құрама сапындағы екінші матчында қатарынан гол соқты. Ол бұған дейін, 13 қарашада Молдоваға қарсы кездесуде де мергендігімен көзге түскен еді.

Үзілістен кейін словакиялықтар шабуылын күшейтіп, 56-минутта таразы басын теңестірді. Айып алаңындағы әуе добын ұтып алған Роберт Боженик баспен дәл соғып, есепті 1:1-ге жеткізді.

Алайда тең есеп ұзақ сақталған жоқ. Арада тоғыз минут өткенде Ян Вороговский өз мүмкіндігін тиімді пайдаланып, допты қақпаның алыс бұрышына бағыттады. Осылайша, Қазақстан құрамасы 65-минутта қайтадан алға шықты.

Кездесудің қалған бөлігінде алаң иелері бір доп басымдығын сақтап қалуға тырысты. Жеңіске жеткен жағдайда қазақстандықтар сәтсіз өткен Ұлттар лигасын жақсы нәтижемен аяқтар еді. Алайда матчтың соңғы сәттерінде словакиялықтар жеңілістен құтылып кетті.

Төреші қосқан уақыттың бесінші минутында Адриан Капралик қонақтардың екінші голын соғып, қорытынды есепті белгіледі - 2:2. Осылайша, кездесу барысында екі мәрте алға шыққан Қазақстан құрамасы тағы да жеңіске жете алмады.

Бұл нәтижеден кейін ұлттық құрама Ұлттар лигасындағы өнерін топтың соңғы орнында аяқтады. Қазақстандықтар алты кездесудің үшеуінде тең түсіп, тағы үшеуінде жеңіліс тапты. Қоржынында небәрі үш ұпай қалды. Ал 12 ұпай жинаған Словакия топ жеңімпазы атанды. Одан кейін сегіз ұпаймен Фарер аралдары, жеті ұпаймен Молдова орналасты.

Словакияға қарсы соңғы кездесу Қазақстан құрамасының бүкіл турнирдегі өнерін көрсеткендей болды. Команда есепте алға шығып, жеңіске жетуге мүмкіндік алғанымен, басымдығын соңына дейін сақтай алмады.

Назарларыңызға Қазақстан мен Словакия құрамалары арасындағы кездесудің (2:2) бейнешолуын ұсынамыз.

Аружан Темірбек
Редактор ru, kk
Sports24.kz 163 мың жазылушы
Басты жаңалықтардан хабардар болыңыз! Жаңалықтар, нәтижелер және спорттағы ең жарқын сәттер. Жазылып, маңызды оқиғалардан хабардар болыңыз!
Пікірлер
Пікір қалдыру үшін тіркелуіңіз керек
Для сіздің ыңғайлылығыңыз бен қауіпсіздігіңіз үшін біз файлдар cookie