locale KZ
KZ - Қазақ RU - русский

Роналду Инфантиномен сөйлескеннен кейін түрін өзгертті: португалиялықтың реакциясы видеоға түсті

Криштиану ФИФА президентімен жылы амандасқанымен, қысқа әңгімеден кейін бірден қабағын түйді
Роналду Инфантиномен сөйлескеннен кейін түрін өзгертті: португалиялықтың реакциясы видеоға түсті
ФОТО: Getty images

Криштиану Роналду ФИФА президенті Джанни Инфантиномен кездескеннен кейін жанкүйерлер назарын өзіне аударды. Португалиялық футболшы Парижде өткен Esports World Cup турнирінің қорытынды іс-шаралары кезінде ФИФА басшысымен тілдесті. Әңгімеден кейінгі оның реакциясы әлеуметтік желілерде кеңінен тарады, деп хабарлайды Sports24.kz.

Кездесу басында Роналду Инфантиномен күлімдеп амандасып, хал-жағдайын сұрады. ФИФА президенті жауап ретінде португалиялықтың мансабындағы 1000 гол межесіне жақындап қалғанын айтып, оған сәттілік тіледі.

Қысқа әңгіме аяқталған соң Криштиану әрі қарай кетіп бара жатып, кенеттен түрін өзгертіп, қабағын түйді. Дәл осы сәт желі қолданушыларының қызығушылығын тудырды. Көпшілік футболшының мұндай реакциясына не себеп болғанын талқылай бастады. Дегенмен Роналдудың көңіл күйіне Инфантиноның сөздері әсер етті ме, жоқ па - нақты белгісіз.

Қазір 41 жастағы шабуылшының клубтар мен Португалия құрамасы сапындағы жалпы көрсеткіші 977 голға жетті. Мың голдық тарихи межеге жету үшін оған тағы 23 рет мергендік таныту қажет.

Роналду 2026 жылы екінші жыл қатарынан Esports World Cup турнирінің жаһандық елшісі қызметін атқарды. Биылғы жарыс алғаш рет Францияда өтіп, 6 шілдеден 23 тамызға дейін жалғасты.

Турнирге 100-ден астам елден екі мыңнан аса ойыншы мен шамамен 200 клуб қатысты. Қатысушылар 24 дисциплина бойынша бақ сынады, ал жалпы жүлде қоры рекордтық 75 миллион долларды құрады.

Роналду дәстүрлі спорт, киберспорт және ойын индустриясын біріктіретін жобаның басты тұлғаларының бірі болды. Алайда бұл жолы жанкүйерлердің назарын ресми шаралардан гөрі Инфантиномен қысқа әңгімеден кейінгі бірнеше секундтық реакциясы көбірек аударды.

Аружан Темірбек
Аружан Темірбек
Редактор
Sports24.kz 163 мың жазылушы
Басты жаңалықтардан хабардар болыңыз! Жаңалықтар, нәтижелер және спорттағы ең жарқын сәттер. Жазылып, маңызды оқиғалардан хабардар болыңыз!
Пікірлер
Пікір қалдыру үшін тіркелуіңіз керек
Для сіздің ыңғайлылығыңыз бен қауіпсіздігіңіз үшін біз файлдар cookie