«Реалдың» жас таланты Дастанның қарсыласына айналады. Ол кім?
Лондонның «Фулхэмі» мадридтік «Реалдың» шабуылшысы Гонсало Гарсияны өз қатарына қосу жөнінде келісімге келді, деп хабарлайды Sports24.kz.
Танымал инсайдер Фабрицио Романоның мәліметінше, ағылшын клубы 22 жастағы шабуылшы үшін 34,2 миллион фунт стерлинг (шамамен 40 миллион еуро) төлейді. Бұған қоса, келісімде 1,7 миллион фунт (2 миллион еуроға жуық) көлеміндегі бонустар қарастырылған. Ал «Реал» футболшыға қатысты құқықтың 33 пайызын өзінде сақтап, болашақтағы трансферден 30 пайыз үлес алады. Сонымен қатар мадридтік клуб ойыншыны кері сатып алуға басым құқыққа ие болады.
Бұл трансфер «Фулхэмнің» жаңа бас бапкері Альваро Арбелоа үшін алғашқы толықтыру болмақ. Бұған дейін лондондық клуб «Бавариядан» Йона Куси-Асарені сапына қосқан болатын. Сондай-ақ «Фулхэм» мадридтік клубтың тағы бір ойыншысы - жартылай қорғаушы Сесар Паласиосты 8,6 миллион фунтқа (шамамен 10 миллион еуро) сатып алуға жақын. Бұл келісімде де «Реалдың» болашақ трансферден үлес алу және ойыншыны кері қайтару құқығы қарастырылған.
Өткен маусымда «Фулхэм» Англия Премьер-лигасын 52 ұпаймен 11-орында аяқтады. Клуб жаңа маусым алдында құрамын күшейтіп, турнирлік кестедегі орнын жақсартуды мақсат етіп отыр.
Гонсало Гарсия «Реалдың» негізгі құрамында 51 матч өткізіп, 13 голдың авторы атанды. Оның төртеуі клубтар арасындағы әлем чемпионатында соғылып, испаниялық шабуылшы турнирдің үздік сұрмергені болды. Осы жазда ол Испания құрамасы сапында Иракқа қарсы жолдастық кездесуде дебют жасағанымен, Луис де ла Фуэнтенің қорытынды құрамына енген жоқ.