Ордец және «Ақтөбенің» тағы үш ойыншысы жаттығуға оралды
Ұлттық құрамалар ойындарына байланысты халықаралық үзілістен кейін «Ақтөбенің» құрамы толықты, деп хабарлайды Sports24.kz.
Клубтың баспасөз қызметі хабарлағандай, жарақат алған «Ақтөбенің» төрт ойыншысы қатарға қосылып, жалпы топпен жаттығуға кірісті. Олар — Бағдат Қайыров, Иван Ордец, Гиорги Зария және Виталий Латурнус.
Ойыншылар медициналық штабтың жіті бақылауында болып, алаңға оралуға дайындалып жатыр.
26 турдан кейін Игорь Черевченконың командасы Қазақстан Премьер-лигасының турнирлік кестесінде 42 ұпаймен бесінші орында тұр. 10 қазанда ақтөбелік ұжым сырт алаңда «Елімайға» қарсы ойнайды. Семейде өтетін матчтың басталу ысқырығы сағат 16:00-де естіледі.
Қазақстан Премьер-лигасының биылғы маусымын аяқтау үшін әлі төрт тур қалды. ҚПЛ-да «Ордабасы» көш бастап келеді, ол «Қайраттан» төрт ұпайға алда.
Айта кетейік, Ақтөбеде футбол клубының үй аренасына айналуы тиіс жаңа стадионның құрылысы жалғасып жатыр. Sports24.kz редакциясы шамамен 35 мың көрерменге арналған жаңа футбол аренасының құрылысы туралы материал дайындады.