Жәнібек Әлімханұлы мен Якоб Банк жекпе-жек өткізуге келісті: айқас қашан өтеді?
Қазақстандық боксшы Жәнібек Әлімханұлы (17-0, 12 КО) жаңа салмақ дәрежесінде чемпиондық жекпе-жекке тағы бір қадам жақындады. Оның командасы мен жеңіліп көрмеген даниялық Якоб Банктің (20-0, 11 КО) өкілдері екінші орта салмақтағы WBO нұсқасы бойынша бос тұрған әлем чемпионы белбеуі үшін айқас өткізу жөнінде келісімге келді, деп хабарлайды Sports24.kz.
Бұл ақпаратты Дүниежүзілік бокс ұйымының президенті Густаво Оливьери растады.
Оның айтуынша, WBO екі боксшының да командасынан ресми жазбаша хабарлама алған. Құжаттарда тараптардың 76,2 келіге дейінгі салмақ дәрежесіндегі вакантты чемпиондық атақ үшін өтетін жекпе-жектің шарттарын келіскені көрсетілген.
Ұйым басшысы алдағы айқасқа қатысты толық мәлімет кейінірек жарияланатынын айтты. Әзірге жекпе-жектің нақты күні мен өтетін орны ресми түрде белгіленген жоқ.
Бұған дейін WBO Әлімханұлы мен Банктің командаларына келіссөздерді бастауды міндеттеп, мәмілеге келу үшін 7 қазанға дейін уақыт берген еді. Тараптар белгіленген мерзім ішінде ортақ шешімге келгендіктен, промоутерлік сауда өткізу қажеттілігі туындамайды.
Жәнібек үшін бұл жекпе-жек екінші салмақ дәрежесінде әлем чемпионы атануға мүмкіндік береді. Қазақстандық боксшы орта салмақтағы табысты кезеңінен кейін екінші орта салмаққа көтеріліп, бірден вакантты белбеуге басты үміткерлердің қатарына енді.
WBO-ның жаңартылған рейтингінде Әлімханұлы бірінші орында тұр, ал Банк үшінші сатыға жайғасқан. Даниялық боксшы кәсіпқой рингте әлі жеңіліп көрмеген: оның еншісінде 20 жеңіс бар, соның 11-ін мерзімінен бұрын аяқтаған.
Чемпиондық белбеу британиялық Хамза Шираз одан бас тартқаннан кейін бос қалды. Бұған дейін WBO Ширазды Әлімханұлына қарсы міндетті титул қорғауға шығаруды талап еткен. Алайда британиялық тарап бұл жекпе-жекке бармай, чемпиондық атақты босатты.