16 жастағы дебюттен Бельгияға соғылған голға дейін: Сәтпаев 18 жасқа дейін Қазақстан құрамасында қандай рекордтар орнатты
Дастан Сәтпаев небәрі 18 жаста. Соған қарамастан оның есімі Қазақстан құрамасында бірнеше рет «рекорд» сөзімен қатар аталып үлгерді. Шабуылшы әлі мектеп жасында жүргенде ұлттық құрама сапында дебют жасап, әлем чемпионатының іріктеуінде алаңға шықты және ел тарихындағы ең жас гол авторларының тізімін жаңартты.
Қазір Сәтпаев Англияда «Бернли» сапында өнер көрсетеді, ал футболшының трансферлік құқығы «Челсиге» тиесілі. Дегенмен Дастанның ересектер футболындағы алғашқы ірі жетістіктері тек клубтармен ғана байланысты емес.
Sports24.kz Сәтпаевтың 18 жасқа дейін Қазақстан құрамасында орнатқан рекордтары мен басты жетістіктерін жинақтады.
Қазақстан құрамасы тарихындағы ең жас дебютант
Сәтпаев алғашқы рекордын 2025 жылдың 19 наурызында орнатты.
Кюрасаоға қарсы жолдастық кездесуде шабуылшы алғаш рет Қазақстанның ересектер құрамасы сапында алаңға шықты. Ол кезде Дастан небәрі 16 жас 7 ай 8 күнде еді. Қазақстан бұл ойында 2:0 есебімен жеңіске жетті.
Сәтпаевқа дейін бұл рекорд Жамбыл Көкеевке тиесілі болатын. Ол 2006 жылы ұлттық құрамада 17 жас 4 ай 25 күнінде дебют жасаған.
Осылайша Дастан бұрынғы рекордты шамамен тоғыз айға жаңартты.
Ресми матчта ойнаған ең жас қазақстандық
Дебютінен бірнеше күн өткен соң Сәтпаев әлдеқайда маңызды кездесуде мүмкіндік алды.
2025 жылдың 22 наурызында ол әлем чемпионатының іріктеуінде Уэльске қарсы сырт алаңдағы матчта қосалқы құрамнан шықты. Қазақстан 1:3 есебімен жеңілді, бірақ Дастан үшін бұл кездесу тағы бір тарихи сәтке айналды.
16 жас 7 айында ол Қазақстан ұлттық құрамасы сапында ресми матчта ойнаған ең жас футболшы атанды.
Яғни бірнеше күннің ішінде Сәтпаев алдымен ұлттық құраманың ең жас дебютанты атанса, артынша әлем чемпионатының іріктеуіндегі ресми ойында да рекорд жаңартты.
16 жасында-ақ негізгі құрамда
Тағы үш күннен кейін Дастан матчты алғашқы минуттардан бастады.
Лихтенштейнге қарсы сырт алаңдағы кездесуде Сәтпаев алғаш рет Қазақстан құрамасының негізгі құрамынан орын алды. Ұлттық команда 2:0 есебімен жеңіске жетті, ал 16 жастағы шабуылшы ресми матчта толыққанды мүмкіндік алды.
Осылайша бір халықаралық үзілістің ішінде ол ересектер құрамасындағы дебюттен негізгі құрамға дейін көтерілді.
Қазақстан тарихындағы ең жас гол авторы
Алайда Сәтпаевтың басты рекорды күзде тіркелді.
2025 жылдың 15 қарашасында Қазақстан ӘЧ-2026 іріктеуінде Бельгияны қабылдады. Матчтың тоғызыншы минутында Дастан Матс Селстің қақпасын дәл көздеп, алаң иелерін алға шығарды.
Кездесу 1:1 есебімен аяқталды, ал Сәтпаев 17 жас 3 ай 3 күнінде Қазақстан құрамасы тарихындағы ең жас гол авторы атанды.
Бұған дейінгі рекорд Еркебұлан Сейдахметке тиесілі еді. Ол 2018 жылы Мажарстан қақпасына 18 жас 1 ай 19 күнінде гол соққан.
Яғни Сәтпаев бұрынғы рекорд иесінен бір жылға жуық ертерек ерекшеленді.
Әлем чемпионаты іріктеуіндегі ең жас гол авторларының бірі
Бельгия қақпасына соғылған гол тек Қазақстан статистикасы үшін ғана маңызды болған жоқ.
Сәтпаев ӘЧ-2026 іріктеуінде гол соққан ең жас футболшылардың қатарына енді. Кездесуден кейін жарияланған деректерге сәйкес, 17 жастағы қазақстандық футболшы 1960 жылдан бері Еуропа аймағындағы әлем чемпионаты іріктеуінде гол соққан ең жас ойыншы атанды.
УЕФА да оның жетістігін бөлек атап өтіп, Сәтпаевты Қазақстан құрамасы тарихындағы ең жас гол авторы ретінде көрсетті.
Сәтпаевтың 18 жасқа дейінгі көрсеткіші
Қазіргі таңда 18 жастағы шабуылшының Қазақстанның ересектер құрамасы сапында сегіз матчы және бір голы бар. Оның алтауы әлем чемпионатының Еуропа аймағындағы іріктеу кезеңіне тиесілі.
Алайда бұл жерде сегіз матчтың өзі басты көрсеткіш емес.
18 жасқа толмай тұрып-ақ Сәтпаев Қазақстан құрамасының ең жас дебютанты, ресми матчта ойнаған ең жас футболшысы және ұлттық құрама тарихындағы ең жас гол авторы атанып үлгерді.