Ақтөбедегі арман стадион: 35 мың көрерменге арналған аренада не салынып жатыр
Ақтөбеде футболдан «Ақтөбе» клубының жаңа үй аренасы болуы тиіс стадионның құрылысы жалғасып жатыр. Жұмыстар «Алтын Орда» шағынауданында жүргізілуде. Мұнда футбол аренасымен қатар жаңа ірі спорттық-мәдени орталық қалыптасып келеді, деп хабарлайды Sports24.kz.
Қолданыстағы Қобыланды батыр атындағы Орталық стадион шамамен 13 мың көрерменге арналған. Ал жаңа аренаға 35 мыңға жуық адам сыяды.
Құрылыс орнында не болады?
Жаңа арена шамамен 25 гектар аумақты алып жатыр. Жоба бойынша стадион 34 980 көрерменге есептелген.
Ғимарат бес қабатты болады, ал жалпы аумағы 80 мың шаршы метрден асады. Стадион УЕФА-ның төртінші санатына қойылатын талаптарға сай жобаланып жатыр. Сондықтан мұнда жанкүйерлерге арналған трибуналардан бөлек, қажетті инфрақұрылым да қарастырылған.
Аренада командаларға, төрешілерге, журналистерге және матчқа қатысатын басқа да мамандарға арналған бөлмелер болады. Сонымен қатар стадион халықаралық жарыстар мен ірі іс-шараларды өткізуге бейімделеді.
Әзірге толы трибуналардың орнына құрылыс техникасы, бетон мен темір конструкцияларды көруге болады.
Құрылысшылар саны көбейеді
Қазір нысанда шамамен 150 адам жұмыс істеп жатыр. Кейін жұмысшылар санын 700-ге дейін жеткізу жоспарланған.
Қазіргі мәлімет бойынша, 2026 жылдың соңына дейін стадионда монолитті жұмыстардың негізгі бөлігін аяқтап, темірбетон қаңқасын салуға көшу жоспарланып отыр.
Бастапқыда жобаны аяқтау мерзімі бұдан ертерек жоспарланған еді. Қазір нысанды 2028 жылдың қыркүйегінде пайдалануға беру көзделіп отыр.
2026 жылы стадион құрылысына республикалық резервтен 6,5 миллиард теңге бөлінді. Жоба үш кезеңге бөлінген.
Мұнда стадион ғана салынбайды
«Алтын Орда» біртіндеп үлкен құрылыс алаңына айналып келеді.
Жаңа орталықтың аумағында бірнеше ірі нысан бой көтереді. Стадионнан бөлек, шамамен бес мың көрерменге арналған көпфункционалды спорт кешені салынып жатыр.
Тағы бір маңызды жоба — 700 көрерменге арналған облыстық драма театры.
Театр жобасында екі зал, үлкен сахна, актерлер мен техникалық мамандарға арналған бөлмелер қарастырылған. Нысанның маңында саябақ салу жоспарланып отыр.
Балаларға арналған тағы бір ірі жоба
Футбол жанкүйерлері жаңа аренаны күтіп жүргенде, Ақтөбеде спортқа қатысы жоқ тағы бір маңызды нысанның құрылысы жүріп жатыр.
Есет батыр шағынауданында ерекше білім беру қажеттіліктері бар балаларға арналған 300 орындық арнайы балабақша салынуда.
Жоба мемлекетке қайтарылған активтер есебінен қаржыландырылып жатыр. Оның құны 7,4 миллиард теңгеге бағаланады.
Қазір нысанның құрылыс жұмыстары шамамен 60 пайызға орындалған. Құрылысшылар терезелерді орнатып, сыртқы және ішкі қабырғаларды қалап, сыртқы инженерлік желілерді жүргізіп қойған. Ендігі кезекте қасбетті жасау, ішкі әрлеу және аумақты абаттандыру жұмыстары тұр.
Ғимараттың өзі де кәдімгі балабақшадан ерекшеленеді. Жобада бірнеше екі қабатты блок, оларды байланыстыратын өткелдер және қысқы бағы бар орталық атриум қарастырылған.
Әртүрлі ерекшеліктері бар балалар үшін арнайы бөлмелер мен кабинеттер болады. Сондай-ақ балабақшада бассейн, медициналық бөлім және акт залы қарастырылған.
Нысанды 2026 жылдың қазан айында пайдалануға беру жоспарланып отыр.

Ақтөбеде жаңа футбол үйі қашан пайда болады?
Жанкүйерлер үшін басты сұрақ қарапайым — жаңа аренада матчты қашан көруге болады?
Әзірге ресми бағдар ретінде 2028 жылдың қыркүйегі көрсетіліп отыр.
Оған дейін құрылыс бірнеше кезеңнен өтуі керек. Алдымен стадионның толық қаңқасы салынады, кейін трибуналар мен басқа конструкциялар орнатылады. Одан соң ішкі инфрақұрылымды монтаждау және аренаны пайдалануға дайындау жұмыстары басталады.