«Ешкімнің негізгі құрамдағы орнына кепілдік жоқ»: Роналдудың 15 жыл бұрын Карвальюға айтқан сөзі өзіне қалай оралды?
2011 жылы Криштиану Роналду бапкермен жанжалдан кейін Португалия құрамасының лагерін тастап кеткен Рикарду Карвальюды қолдамады. Арада 15 жыл өткенде ұлттық құраманың капитаны Жорже Жезушпен келіспеушіліктен кейін өзі де команда орналасқан жерден кетіп қалды.
Sports24.kz сол кезде Роналдудың Карвалью туралы не айтқанын және бұл оқиғаның бүгінде неліктен ерекше мәнге ие болғанын еске түсіреді.
Кейде футболда кезінде айтылған сөздер жылдар өте күтпеген жерден қайта алдыңнан шығады. 2026 жылдың күзінде Криштиану Роналду Португалия құрамасындағы үлкен жанжалдың ортасында қалды. 41 жастағы шабуылшы бас бапкер Жорже Жезушпен болған келіспеушіліктен кейін ұлттық команданың лагерінен кетіп қалды.
Роналдудың өзі мұндай шешімге орындалмаған келісімдер себеп болғанын айтты. Оның сөзінше, Норвегиямен матч алдында Жезуш алаңда шамамен 30 минут ойнайтынын жеткізген. Криштиану ұзақ уақыт бойы қызынғанымен, ақыры алаңға сол күйі шықпады.
Кейін тараптар жағдайды көпшілік алдында түсіндіруге келіскен. Алайда бас бапкердің баспасөз мәслихатындағы сөзі капитанды тағы да қанағаттандырмаған. Осыдан кейін Роналду құрамадан кетіп қалды. Кейінірек ол өзінің бұл әрекетін қате деп мойындап, командаластары мен жанкүйерлерден кешірім сұрады және ықтимал жазаны қабылдауға дайын екенін мәлімдеді.
Осы тұста оқиға күтпеген жерден 15 жыл бұрынғы жағдайды еске түсірді.
2011 жыл: Карвалью құрамадан кетіп қалды
Осыдан 15 жыл бұрын дәл осындай жағдайға мадридтік «Реалдың» тағы бір футболшысы - Рикарду Карвалью тап болған еді.
2011 жылдың 31 тамызында Португалия құрамасы Еуро-2012 іріктеуіндегі Кипрге қарсы матчқа дайындалып жатқан. Карвалью бас бапкер Паулу Бентудың орталық қорғаныста Пепе мен Бруну Алвешке сенім артып, өзін қосалқы құрамда қалдырмақ болғанын түсінді.
Тәжірибелі қорғаушы мұны өзіне деген құрметсіздік ретінде қабылдап, ешкімге алдын ала ескертпестен команда лагерінен кетіп қалды.
Кейін Карвалью бапкермен және федерация өкілдерімен сөйлеспей тұрып кетіп қалғанын өзінің басты қателігі деп мойындады.
Футболшы сол сәтте эмоцияға берілгенін де жасырмады. Ол ұлттық құрамадағы жағдайының өзгергенін сезіп, бапкерлер штабының өзіне деген қарым-қатынасын әділетсіз санаған.
Оқиғадан кейін Паулу Бенту Карвальюдың әрекетін қатаң сынға алып, оны «дезертирлік» деп атады. Сондай-ақ өзі Португалия құрамасын жаттықтырып тұрған кезде қорғаушының ұлттық командаға қайта шақырылмайтынын мәлімдеді.

Ал Роналду сол кезде не деді?
Ол уақытта Роналду Карвальюдың тек ұлттық құрамадағы серіктесі ғана емес еді. Екеуі мадридтік «Реалда» да бірге ойнады.
Соған қарамастан Криштиану клубтасын көпшілік алдында қорғаған жоқ.
Керісінше, оның пікірі өте нақты болды:
«Ұлттық құрамада ешкімнің орнына кепілдік жоқ. Кімнің бабын жақсы деп есептеп, кімді алаңға шығаратынын бапкер шешеді».
Бірнеше айдан кейін Карвалью мен Паулу Бентудың татуласуы мүмкін екені айтыла бастағанда, Роналду қорғаушының әрекетін дұрыс деп санамайтынын тағы да білдірді:
«Ол қателік жасады. Бірақ бәріміз де қателесеміз».
Ол кезде Криштианудың ұстанымы түсінікті еді: футболшының мәртебесі қандай болса да, соңғы шешімді бас бапкер қабылдайды. Ал оның таңдауымен келіспеу ұлттық құраманы тастап кетуге себеп болмауы керек.
2026 жыл: енді құрамадан Роналдудың өзі кетті
Арада 15 жыл өтті. Бұл жолы рөлдер ауысқандай болды.
Енді бапкердің шешіміне наразы болып, Португалия құрамасының лагерінен кетті - Роналдудың өзі.
Әрине, екі жағдайды толықтай бірдей деуге болмайды. Карвалью 2011 жылы өзін қосалқы құрамда қалдыру туралы шешімді әділетсіз деп қабылдағаннан кейін кеткен.
Ал Роналдудың айтуынша, Жезушпен жанжалдың негізгі себебі ойын уақыты емес, алдын ала жасалған келісімдердің орындалмауы және бапкерге деген сенімнің жоғалуы.
Дегенмен екі оқиғаның ұқсастығын байқамау қиын.
Екі жағдайда да сөз ұлттық құраманың тәжірибелі жұлдызы, бас бапкердің шешіміне көңілі толмау, өзіне жеткілікті құрмет көрсетілмеді деген сезім және эмоция үстінде командадан кету туралы болып отыр. Тек 2011 жылы Роналду бұл жағдайды сырттан бақылап, «ешкімнің орнына кепілдік жоқ» деген еді.
Ал 2026 жылы өзінің неге кетіп қалғанын түсіндіруге Криштианудың өзіне тура келді.
Қателікті мойындауы да ұқсас болды
Бұл екі оқиғаның тағы бір қызық тұсы бар.
Жанжалдан кейін Карвалью басшылықпен сөйлеспестен командадан кетіп қалуы дұрыс болмағанын мойындады.
Сонымен қатар қорғаушы ұлттық құраманың есігін біржола жапқан жоқ. Егер Португалияға қайта қажет болса, оралуға дайын екенін айтты.
Арада 15 жыл өткенде Роналду да дәл сондай жағдайға келді.
Криштиану құрамадан кету жауапкершілігін өз мойнына алып, серіктестері мен жанкүйерлерден кешірім сұрады. Сондай-ақ ұлттық құрамадағы мансабын аяқтамайтынын және ықтимал жазаны қабылдауға дайын екенін жеткізді.
Ең қызығы - 2011 жылы Карвалью туралы айтқан «бәріміз де қателесеміз» деген сөз енді Роналдудың өз жағдайына да дәл келіп тұрғандай.