«Қайрат» Дастан Сәтпаевпен қоштасу рәсімін өткізетінін мәлімдеді
Алматылық «Қайрат» клубы Дастан Сәтпаевтың лондондық «Челсиге» ауысар алдындағы соңғы матчтарын өткізетінін ресми түрде мәлімдеді, деп хабарлайды Sports24.kz.
Қазақстан құрамасының 17 жастағы шабуылшысы жақын күндері алматылық клубпен қоштасып, мансабын Англия Премьер-лигасында жалғастырады.
«Қайрат» Сәтпаевпен қоштасу рәсімін өткізеді
Клубтың мәліметінше, Сәтпаев «Қайрат» сапындағы соңғы екі үй матчына қатысады.
13 маусымда алматылықтар ҚПЛ-дің 13-туры аясында «Атырауды» қабылдайды. Ал 17 маусымда команда кейінге шегерілген 17-тур матчында петропавлдық «Қызылжармен» кездеседі.
Дәл осы ойыннан кейін Орталық стадионда жанкүйерлер үшін Дастан Сәтпаевпен арнайы қоштасу рәсімі ұйымдастырылады.
«Челси» трансферді 2025 жылы-ақ рәсімдеген
Лондондық клуб қазақстандық футболшының трансферін 2025 жылы-ақ аяқтаған болатын. Инсайдер Фабрицио Романоның мәліметінше, келісім құны 3,5 млн еуроны құраған.
Биылғы маусымда Сәтпаев «Қайрат» сапында 14 матч өткізіп, бес гол соғып, екі нәтижелі пас берген.
Сәтпаевты «Челсиде» Хаби Алонсо қарсы алады
Қазіргі таңда «Челсидің» бас бапкері - мадридтік «Реалдың» бұрынғы жаттықтырушысы Хаби Алонсо.
Испаниялық маман лондондық клубпен 2030 жылға дейін келісімшартқа қол қойды.