«Ордабасы» бас бапкері ҚПЛ-дағы чемпиондыққа жол ашуы мүмкін матчтағы тең ойын туралы пікір білдірді
«Ордабасының» бас бапкері Андрей Мартин ҚПЛ-дағы чемпиондыққа жол ашуы мүмкін матчта «Жеңіспен» (1:1) болған тең ойын туралы пікір білдірді, деп хабарлайды Sports24.kz.
Елорда клубына қарсы матч «Ордабасыға» Қазақстан чемпионатын мерзімінен бұрын жеңіп алу мүмкіндігін беретін еді. Алайда кездесу 1:1 есебімен тең аяқталды.
«Ауыр матч болды. Әрине, барлығы үйдегі жеңісті, стадионның лық толуын күтті. Барлығы армандаған ең жақсы финал — үйдегі жеңіс, чемпиондықты мерзімінен бұрын жеңіп алу еді. Бірақ оның қашан болатынын бір Алла біледі. Бүгін біз ең үздік ойынымызды көрсете алмадық.
Қазір командамен киім ауыстыратын бөлмеде сөйлестік. Жүз пайыз ойнау керек болған сәтте мұны жасай алмадық. Ойыншыларды түсінемін, үйде, трибуналар толып тұрған кезде чемпиондық матчта ойнау — үлкен қысым. Мұндайда бар күшіңді көрсетуің керек. Ал қарсыласымыз да барынша тырысты, олардың қатты уәжделгені көрініп тұрды.
Соңғы ойындарда олардан аса бір мотивация байқамаған едім, ал бүгін олардың мотивациясы екі есе, үш есе, тіпті бес есе болды десем де білмеймін. Жарайсыңдар, бізге қарсы жақсы күресті, көп нәрсе жасауымызға мүмкіндік бермеді. Сондықтан ойын барысына қарап, заңды нәтиже — тең ойын деп ойлаймын. Бүгін біз жеңіске лайық болмадық. Біз басқаша ойнауымыз керек еді. Сондықтан бүгін бір-бірімізге шындықты ашық айтуымыз қажет. Мен әрқашан мақтаймын, әрқашан ойыншылардың жағындамын. Бірақ жүз пайыз күш жұмсай алмаған кезде, мұны олардың бетіне айтуым керек. Енді бастарымызды көтеріп, соңғы турға дайындалып, мақсаттарымыз үшін соңына дейін күресуіміз қажет. Бүгінге осы», — деп Мартиннің сөзін Sports.kz келтіреді.
«Ордабасының» қоржынында 68 ұпай бар, ал «Қайратта» 63 ұпай. Егер жексенбі күні «Қайрат» сырт алаңда «Ақтөбені» жеңе алмаса, «Ордабасы» ҚПЛ-дың алтын медальдарын жеңіп алады.