«Оған көңіліміз өте толады»: «Ман Ситиде» Хусанов әлемнің жетекші қорғаушысы атанатынына сенімді
«Манчестер Ситидің» спорттық директоры Уго Виана өзбекстандық қорғаушы Абдукодир Хусановтың қабілетіне жоғары баға берді, деп хабарлайды Sports24.kz.
Ағылшын алпауытының функционері болашақта орталық қорғаушы өз позициясындағы үздіктердің бірі болатынына сенімді:
- Сондай-ақ оқыңыз: Хусанов «Ман Ситидің» орнына МЮ сапына өтуі мүмкін болған: күтпеген деректер ашылды
«Онымен келісімшартқа қол қойған кезде оның физикалық қуаты мен физикалық мүмкіндіктері туралы бәріміз білдік. Бірақ оның шын мәнінде маңызды ойыншы бола алатынына бәріміз сендік. Алайда бұл соншалықты тез болады деп ойламадық, өйткені ол жас еді әрі Францияда ұзақ ойнаған жоқ.
Оған көңіліміз өте толады. Ол дамуын жалғастырып жатыр, әлі де көп нәрсені үйренуі керек. Оның әлемдегі ең үздік орталық қорғаушылардың біріне айнала алатынына сенімдіміз», — деді Виана клубтың баспасөз қызметіне берген сұхбатында.
2025 жылдың қаңтарында «Манчестер Ситиге» ауысқалы бері Хусанов ағылшын алпауыты сапында 53 матч өткізіп, бір гол соқты. Оның қоржынында Англия кубогы мен Англия лигасы кубогы бар.