«Барыс» құрамындағы «Металлургтен» кімнен сақтану керегін атап өтті
«Барыс» ҚХЛ тұрақты чемпионатының сырт алаңдағы алғашқы сериясындағы келесі матчын Магнитогорскіде өткізіп, жергілікті «Металлургпен» кездеседі, деп хабарлайды Sports24.kz клубтың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Магнитогорлықтар алдыңғы турда өз айдынында мәскеулік «Спартакқа» 2:3 есебімен жол берді. «Металлург» сапынан Егор Яковлев пен Владимир Ткачёв шайба соқса, Никита Михайлис екі нәтижелі пасымен көзге түсті. Егор Заврагин 19 сейв жасады.
Бес матчтан кейін «Металлург» жеті ұпай жинап, Шығыс конференциясының турнир кестесінде үшінші орында тұр. Қазіргі таңда команданың үздік сұрмергені — төрт ұпай (1+3) жинаған Сергей Толчинский.
«Барыс» матчқа Тольяттиде «Ладаны» ірі есеппен — 6:0 жеңгеннен кейін келіп отыр. Астаналықтар алаң иелеріне қақпаға небәрі жеті дәл соққы жасауға мүмкіндік берді. Хантер Шепард осы маусымдағы ҚХЛ-дың алғашқы «құрғақ» ойынын өткізді.
Дубль жасаған Джастин Бэйли нәтижелі сериясын төрт матчқа дейін ұзартты. Оның еншісінде тоғыз ұпай (5+4) бар. Бұл көрсеткіш оған қазіргі чемпионаттың үздік сұрмергендері тізімінде екінші орын алуға мүмкіндік беріп отыр.
Сондай-ақ маусымдағы алғашқы голдарын Джейк Масси мен Иэн Маккошен соқты. Тағы бір-бір шайбадан Семён Симонов пен Тайс Томпсон енгізді. Батырлан Мұратов пен Кирилл Савицкий чемпионаттағы алғашқы нәтижелі ұпайларын еншіледі.
«Барыстың» бас бапкері Михаил Кравец матчтан кейін кездесудің оңай басталмағанын атап өтті, алайда кейін оның командасы бастаманы толық өз қолына алды.
Төрт ойыннан кейін астаналықтардың еншісінде алты ұпай бар, олар Шығыста төртінші орында келеді.
Жарақат алғандар тізімінен шығарылған Асанали Сәркенов «Барыстың» құрамына қайта оралды. Команданың лазаретінде әзірге Аркадий Шестаков қана қалды.