Рыбакина Қазақстан құрамасындағы өнер көрсетуіне қатысты мәлімдеме жасады
Жаңадан әлемнің бірінші ракеткасы атанған Елена Рыбакина 2026 жылғы Билли Джин Кинг кубогінің финалдық кезеңінде Қазақстан құрамасы сапында өнер көрсетпейді, деп хабарлайды Sports24.kz.
Әлемдік рейтинг көшбасшысы ағзасына түскен шамадан тыс жүктемеге байланысты турнирге қатыса алмайтынын мәлімдеді. Дәл осы жағдай бұған дейін оны америкалық Цинциннатидегі турнирден бас тартуға мәжбүр еткен:
«Баршаңызға сәлем! Биыл Билли Джин Кинг кубогіне қатыса алмайтынымды хабарлағым келеді. Шэньчжэньдегі турнирді өткізіп алатыныма қатты өкініп тұрмын — бұл жанкүйерлердің керемет қолдауы бар тамаша орын.
Соңғы ай ағзам үшін оңай болған жоқ, сондықтан қалпыма келіп, қайтадан ең жоғары деңгейде өнер көрсету үшін оңтайлы формама оралуым керек. Қыздарға сәттілік тілеймін, алға, Қазақстан!» — деп мәлімдеді Рыбакина Instagram парақшасында.
2026 жылғы Билли Джин Кинг кубогінің финалдық кезеңі Қытайдың Шэньчжэнь қаласында өтеді. Ширек финалда кездесетін Қазақстан мен Испания құрамаларынан бөлек, үздік сегіздікке Италия, Қытай, Украина, Бельгия, Чехия және Ұлыбритания командалары енді.
Еске салайық, бұған дейін Қазақстан теннис федерациясы Қытайдың орнына Рыбакинаның Астана мен Алматыға келіп, балаларға арналған шеберлік сабақтарын өткізетінін мәлімдеген болатын.
