Мұхамеджан Сейсен өткен матч туралы: Ойын шиеленісті болды, бірақ біз матч бойы жақсы жұмыс жасадық
Қазақстан құрамасының және «Астана» футбол клубының қақпашысы Мұхамеджан Сейсен өз командасының өткен ойыны туралы, арнайы Sports24.kz үшін пікір білдірді.
5 сәуірде футболдан Қазақстан чемпионатының төртінші туры басталып, «Астана» өз алаңында «Ордабасы» командасын қабылдап, кездесудің нәтижесі 2:1 есебімен елордалықтардың жеңісі болды. Алаң иелері сапында Усман Камара дубль жасаса, қонақтар сапында Эльхан Астанов бір гол соқты.
Ойыннан кейін «Астананың» қақпашысы Мұхамеджан Сейсен өткен матч туралы пікірімен бөлісті, ол матчтың барлық 90 минутын ойнады.
– Ойын туралы не айта аласыз?
– «Ордабасының» матчқа дайындалғаны анық болды, олар өте қиын қарсылас болды, 90 минут бойы шиеленісті түрде өтті. Біз олардың қақпасына шабуыл жасадық, олар да шабуылмен жауап берді, бүгін біз бүкіл матч бойы белсенді жұмыс жасадық.
– Түркия клубтары сізге қызығушылық танытуда, бұл ақпарат рас па?
– Иә, бұл рас, әзірше бұл туралы сөйлесіп жатырмыз, бірақ мен сізге әлі ештеңе айта алмаймын.
Сейсен елордалық командаға «Ордабасыдан» 2024 жылдың басында еркін агент мәртебесінде қосылды. Transfermarkt порталындағы ойыншының құны 200 мың еуроға бағаланады.